Қызылжарлық дәрігер қатерлі ісікті анықтайтын мобильдік қосымша ойлап тапты
Қызылжарлық дәрігер қатерлі ісік ауруымен күресетін мобильдік қосымша ойлап тапты. Арнайы сауалдар арқылы ұялы телефондағы бағдарлама адамның бойындағы ақауларды анықтайды. Тіпті онкологиялық диспансердің мамандарымен онлайн режимде тілдесуге де мүмкіндік бар екен.
Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.
Дәрігердің алаңдауы тегін емес. Биылдың өзінде аймақтағы 860 адамнан қатерлі дерт анықталған. 5 жылдық өмірі қалғандар 50 пайызды құрайды. Аурудың алдын алатын қосымшаның артықшылығын Абзал Құрманкин білді. Дмитрий Тё кардиоорталықтың рентген кабинетінде қызмет етеді. Науқастардың ауруларын 3 жыл бойы зерттеген дәрігер адамдардың денсаулыққа селқос қарайтындығын байқаған. Артынша дәрігерге жүгінбей-ақ, ақауды әу баста анықтайтын мобильдік қосымшаны ойлап тапқан.
“Адамдар қосымшаның ішінде бірнеше сұраққа жауап береді. Егер де қауіптің алғышарттарды байқалса, онда қосымша дәрігерге жолығуға кеңес береді. Я болмаса, скринингтік тексеріске жолдайды. Онда еліміздегі онкологиялық диспансерлердің тізімі бар. Сондай-ақ, бұл бағдарламада онкологияға байланысты әлемнің соңғы жаңалықтары жарияланады”, – дейді СҚО кардиологиялық орталығының рентген-хирургы Дмитрий Тё.
Таңсық дүниені іске асыру үшін Дмитрий Тё бағдарламаларды жасайтын арнайы компанияға жүгінген. Мамандар бірлесіп, жобаның пилоттық нұсқасын әзірледі. Жуырда ноу-хауды жергілікті билік өкілдері қолдап, 3 миллион теңге грант бөлді.
“Алдымен біз бағдарламаны «Playmarket-ке» саламыз. Артынша «Appstore-да»жариялаймыз. Кейін арнайы сайтын ашамыз. Біз бұл қосымшаны күрделендірмей, неғұрлым түсінікті етуге тырысып жатырмыз”, – дейді бағдарлама әзірлеу компаниясының басшысы Игорь Левин.
Бүгінде тұрғындар тұлабойының 6 мүшесін скрининг арқылы тексере алады. Яғни, онкологиялық диспансерде сүт пен қуықалды безді, жатыр мойнын, асқазан мен ішектің жағдайын саралауға мүмкіндік бар. Жылына мұнда 100 мыңға жуық адам тексеріледі. Онкологтар жаңа жобаны қолдап отыр. Айтуларынша, қосымшаның арқасында қатерлі ісік ауруын ерте анықтайтын адамдардың қатары арта түспек.
“Біздің негізгі мақсатымыз – қатерлі ісікті дер кезінде анықтау. Мобильді қосымшаның арқасында адамдар обырдың алғышарттарын байқап, бізге жолығады. Нәтижесінде дертті асқындырмай, тамырына балта шабуға болады. Жалпы, бұл бағдарлама адамдардың өз денсаулықтарын күтуіне оң әсер етеді”, – дейдіСҚО онкологиялық диспансері бас дәрігерінің орынбасары Олег Дудяк.
Тың бастаманы құптаған ақ халаттылар бұқараның көкейін тескен сауалдарға онлайн режимде жауап беруге келіскен. Бірақ, әрине, күні-түні емес, белгілі бір уақытта, дейді олар. Пайдалы қосымша қыркүйек айында енгізілмек.
Тағы да оқыңыз:
Қытай билігі мұсылмандардың азанының сөзін өзгертіп тастаған (фото)
ОҚО тұрғынының түсіндегі аяны рас келіп биесі “Алла” сөзі бар құлын туған
Қарағандыда педофил құрбаны болған бес жасар қызға ота жасалды