Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құсып, іш өтеді": Трендтегі "лаймберри" тәттісі дәрігерлерді алаңдатып қойды

Фото: Әлеуметтік желіден

Дәрігерлер әлеуметтік желіде кең тараған “лаймберри” тәттісіне қатысты дабыл қақты. Эндокринологтар сырттай жеміс боп көрінген тәттінің шын мәнінде жоғары калориялы кондитерлік өнім екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Ашық түсті лайм глазуріне батырылған кептірілген құлпынай “трендке” айналды. Жемістерден бөлек балмұздақтар да кептіріледі. Бірақ салмағы жеңіл болғанымен, калориясы мен қанты көп болады. Себебі хош иістендіретін, дәмін беретін химиялық қоспалар қосылады дейді дәрігерлер. Бұл тәттіге сұраныс көп, әсіресе жастар мен балалар сүйіп жейді. 

Мәселен, лаймберридің 100 грамында шамамен 570 килокалория бар дейді мамандар. Бұл көрсеткіш кейбір фастфуд тағамдарынан да асып түседі.

“Кішкентай балаларда байқайтын болсаңыздар тәуелділік тез пайда болады ғой. Көп мөлшерде қолданды, оларда ас қорыту жүйесінде бұзылыс пайда болып, құсу, іші өту, интаксикация болуы мүмкін. Уланып қалуы мүмкін. Енді Ресейден алып келіп жатыр, Қытайдан алып келіп жатқандар бар. Сондықтан, сертификатталмаған тауарды негізі қолданбаған жөн”, – дейді дәрігер Алтынай Жүніс.

Көпшілік "сублимацияланған" өнімдерді жарамдылық мерзімі өтпейді, қытырлатып жегенге жақсы дейді. Енді бірі мұнымен мүлде келіспейді.

“Жеп көрдім, бірақ ондай тәттіге қызықпаймын”, “Қарсымын әрине, химикат қосқаннан кейін әрине, болмайды ол”, “Дәмін татып көруге болады”, – дейді халық. 

Лаймберри – сөлі алынған, кептірілген құлпынайдың қант пен ақ шоколад негізіндегі глазурьмен қапталған түрі. Бұл технологияның нәтижесінде жемістің табиғи дәмі сақталады, бірақ жеңіл, чипсы сияқты қытырлақ күйге айналады. Осылайша ол қарапайым жидектен гөрі, құлпынай кейпіндегі тәтті болып шығады.

Айым Болатқызы
Сенбі, 21 Ақпан, 2026 17:43