Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құсбегілер дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр

Ақмола облысында бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында құсбегілер оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: gov.kz 

Құсбегілік (саятшылық) федерациясының атқарушы директоры Базарбек Күнтуғанның айтуынша, еліміздің үздік құсбегілері Көшпенділер ойындарына деген дайындықтарын қыздыра түскен.

"Щучинск қаласында тамыздың 12-25-сі аралығында өтетін оқу-жаттығу жиынымызда 9 спортшы бүркіт, қаршыға және ителгі құстарымен жаттығып жатыр. Келесі оқу-жаттығу жиынымыз Астана қаласында, 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында болады", –деп атап өтті Базарбаек Күнтуған.

Құсбегіліктен ұлттық құрама мүшелері дайындық барысы жайында айтып берді.

“Бесінші дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатырмыз. Бар білгенімізді, мүмкіншілігімізді пайдаланамыз. Еуропадан, Моңғолия, Қырғызстаннан мықты қарсыластар келеді. Олар да барын салары анық", – дейді құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі Ибрагим Базарбаев.

Көшпенділер ойындары аясында құсбегіліктен болатын сайыс қыркүйектің 12-13 аралығында, этноауыл аумағында өтеді.

"Щучинск қаласында Көшпенділер ойындарына дайындық үстіндеміз. Қазір алдағы сайыстағы үш санат бойынша қатысатын үш бүркіт, үш ителгі, үш қаршығаны баптап жатырмыз. Олар жаз бойы түлекте болды. Енді етін тартып, жылдамдыққа дайындаймыз. Ал өзім додаға Алғыр атты бүркітпен қатысамын", – деп атап өтті құсбегіліктен ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуғанұлы.

Еске сала кетейік, Республикалық "Құсбегілік" федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге "Бәйге", "Садақ ату", "Теңге ілу", "Аударыспақ", "Жамбы ату", "Көкпар", "Асық ату", "JORYQ" ат спорты және т.б. федерациялар бар

Талқылау