Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрылысын бітірмей, халыққа кілтті берді": Алматы облысында "Комфорт плюс" санатындағы үй алған тұрғындар баспананың сапасына шағымданды

Алматы облысында жаңа баспана алған жұрт үйдің сапасына көңілі толмай, наразылықтарын білдірді. "Арнау" деп аталатын кешен "Комфорт-плюс" санатында деп сатылыпты. Бірақ қазіргі кескіні бұған мүлдем ұқсамайды дейді тұрғындар. Ыстық суы жоқ, жарығы да жиі сөнеді екен. Тұрғындар құрылыс компаниясына шағымданса да, еш нәтиже болмапты. Ал құрылыс компаниясының өкілдері өзіне шаң жуытпай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

үй

Видеодан скриншот

"Комфорт-плюс" санаттағы көпқабатты үйде 320 пәтер бар. Тұрғындардың 90% үйге қоныстанған. Көбі баспанасына кіргенде "таңданысымызды жасыра алмадық" дейді.  Өйткені келісімшартта көрсетілген пәтер мен үйдің қазіргі күйінің айырмашылығы жер мен көктей екен. Кешенде құрылыс жұмысы әлі жүріп жатыр6 балалар алаңқайы жоқ. Жарнамада көрсетілгендей, айналасы абаттандырылмаған. Ал жауын жауса, аула көлшікке айналады екен.

“Құрылысын бітірмей, халыққа кілтті берді. Міне, маңайдың бәрін қарасаңыздар, бітпей тұр. Асфальты да жоқ. Жарықты енді тартып жатыр. Бұл жерде қазандық тұр, бірақ ыстық су жоқ. Газ әлі қосылмаған, жарық өшсе, суық су да тоқтайды. Балаларды шомылдыра алмаймыз не тамақ істей алмаймыз. Автотұрақ жоқ. Балалар алаңқайы енді салынып жатыр”, – дейді тұрғын Мархабат Өмішева.

Кешен орталық кәріз жүйесіне де қосылмаған, сондықтан қалдықтарды жертөлеге жинайды. Тұрғындар оны өздері ақша жинап, ай сайын сорғызатын көрінеді.

"Комфорт-плюс" деп сатып алдық, ал бұл жерде "комфорт" түгілі, ешқандай жағдай жасалмаған. Келген кезде-ақ барлығы дұрыс болмады. Судан, жылудан қиналдық. Бірінші жылдары мүлдем суықта тұрдық. Бірінші айда бізге "Тайм групп" қазандық қосты, соның өзінде ол жерде керосинмен бе жұмыс істеп жатыр деп, бізге 188 теңгеден санады”, – деді Айман Аллабергенова. 

Наразы жұрттың шағымына жауап берген компания өкілі өздерін бұл жағдайға кінәлі санамайды. Керісінше, үйлердің сапалы жасалғанын айтты. Ал ыстық су мен газ жүйесі жақын арада қосылады деді. 

“Қазір ыстық су мәселесі өзекті болып тұр. Тұрғындар уақытша қойылған жылу қазанымен бір қысты өткізді. Сосын біз үлкен қазандық қойып едік, әкімдік тендер ұтып, өз қазандығын қойды. Сәйкесінше, арада төлем жағынан келіспеушілік болды. Соның кесірінен ортада 7 миллион теңге қарыз пайда болды. Сондықтан енді халықта ыстық су жоқ. Бірақ үйлер "Комфорт-плюс" санатына толығымен сәйкес келеді. Жұрттың көңілінен шықпаған дүние әлі де жөнделеді”, – деп жауап берді Time Group компаниясының бөлім басшысы Расим Асқаров.

Ал әкімдік өкілдері тұрғындардың сөзін жоққа шығарып әлек. Кешенге газ тартылып, электр желілері де жүргізілді, сондықтан ауыз толтырып айтатындай олқылықтар жоқ екенін хабарлады. 

“Сыртқы инженерлік желілерінің құрылысы жүрігізілді. Атап айтсақ, бірінші электр желісі алып келінді. "Тайм групп" деген компания үйлердің құрылысын жүргізді, өздері қабылдап алды. Иә, пандус көрініп тұр.  Талапқа сай келмейді және де абаттандыруы қазір "Тайм групп" атынан жасалып отыр”, – деді Қарасай ауданы құрылыс бөлімінің басшысы Бақытжан Машрап.

Осылайша компания өкілі мен шенділер "кемшіліктер бір айда түзеледі" деп сендірді. Дегенмен тұрғындар мұндай құрғақ уәдеге тойған. Олар "олқылықтар жақын арада шешілмесе, компаниямен соттасамыз" деп отыр.

Талқылау