Құрылыс материалдары нарығына қандай қолдау көрсетілу керек? Мамандар айтты
Қазақстанның құрылыс материалдарын шет мемлекеттерден жеткізуге аса тәуелді екені бұрыннан айтылып келеді. Бұл мәселе әлемде орын алған геосаяси жағдайға, яғни, логистиканың күрделенуі мен бағаның өсуіне байланысты ерекше өзектілікке ие болды. Осыған сәйкес, мамандар қандай шешім ұсынуда және аталған бағытта қандай іс-шаралар атқарылды?
Құрылыс саласы Қазақстан экономикасының драйвері саналады. Елімізде құрылыс жұмыстары белсенді қарқынмен жүргізілуде, осы ретте сапалы құрылыс материалдарына қатысты сұраныс та жоғары. Мәселен, Қазақстанда құрылыс материалдарын тұтыну көлемі өткен жылдың өзінде 1,4 трлн. теңгені құрады. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде несиелік және жалдамалы тұрғын үй құрылысына жұмсалатын құрылыс материалдарының жылдық шығыны 100 миллиард теңгеден асады.
2019 жылы сарапшылар отандық құрылыс материалдары нарығына зерттеу жүргізді. Оның нәтижелеріне көз жүгіртсек, бүгінгі таңда республика жоғары және орта технологиялық құрылыс материалдарын айтарлықтай дәрежеде, оның ішінде қаңылтыр шыныны – 100%, керамикалық отқа төзімді кірпіш, блоктар мен плиткаларды – 95%, жабын және қаптау бұйымдарын – 94%, жылу оқшаулағыш материалдарды – 60%-дан астам, мәрмәр және травертинді – 40% мөлшерде импорттауда. Импорттың едәуір бөлігін гипсокартон, құбырлар, түтік құбыр мен шлангтар, әктас және т.б. құрайды.
Жалпы, тұрғын үй бағасы құрылымының 60%-ға дейінгі көлемі құрылыс материалдарына тиесілі. Ал бұл республикада отандық сапалы әрі қолжетімді құрылыс материалдарын өндіру мәселесі шешілмей, тұтынушыларға тұрғын үй бағасы бұрынғысынша құбылмалы түрде қала беретінін білдіреді, өйткені ол көп жағдайда импорттық құрылыс материалдарының бағасына тәуелді.
Нарықты зерттеу нәтижесінде, мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына бөлінген әрбір теңге отандық құрылыс материалдарын өндіру саласына қосымша серпін беру үшін, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілер мен құрылыс салушылар арасында тығыз ынтымақтастық орнату мақсатында бірыңғай онлайн-платформа құру ұсынылды.
Қазақстандағы құрылыс материалдарын өндірушілер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, респонденттердің 70%-дан астамы құрылыс материалдарының онлайн-платформасын құру идеясын қолдағаны белгілі болды. Бұл ретте, еліміздегі құрылыс материалдарының 98%-ын шағын және орта бизнес өкілдері өндіретінін айта кеткен жөн. Демек, онлайн-платформаның іске қосылуына байланысты құрылыс материалдарын жеткізу мөлшерінің артуы қазақстандық бизнестің аталған сегменттегі өндіріс көлемінің ұлғаюына жол ашады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, сол арқылы салық шегерімдерінің өсуін айтпағанда, халықтың белгілі бір бөлігінің кіріс деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Онлайн-платформаны құру аясында 2020 жылы құрылыс салушылардан сметалық құжаттаманы талдау алгоритмдері, «Нұрлы жер» бағдарламасының объектілері бойынша құрылыс материалдарына қажеттілік жөніндегі электронды есеп әзірленді, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ-мен жасалған меморандум шеңберінде құрылыс материалдарының номенклатуралық анықтамасы біріктірілді, «Мемсараптама» РМК-мен жобалық-сметалық құжаттаманы онлайн режимінде алу туралы келісімге қол қойылды.
Осы жұмыстардың нәтижесінде 2022 жылдың 1 наурызында material.kz құрылыс материалдарының онлайн-платформасы өндірістік пайдалануға берілді.
Онлайн-платформа екі витринадан тұрады: бірінші жағы - құрылыс компанияларының құрылыс материалдарына (сұраныс) қатысты қажеттіліктерінің витринасы, екінші жағы - өндірушілер ұсынған құрылыс материалдарының витринасы (ұсыныс). Онлайн-платформа қажеттіліктер витринасын құру үшін «Нұрлы жер» ахуалдық орталығының деректерін пайдаланады.
«Нұрлы жер» ахуалдық орталығы – «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылысқа зияткерлік мониторинг жүргізетін, ҚТҮК өндірістік көрсеткіштері негізінде деректер қоймасын қалыптастыратын, сондай-ақ, оларға талдау жүргізіп, мемлекеттік деректер базасымен біріктіретін ақпараттық жүйе. 2022 жылдың басындағы жағдайға сәйкес, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Ахуалдық орталыққа 1191 нысан бойынша мәліметтер енгізілді, олардың құрылыс материалдарына қатысты сұраныстары material.kz сайтында жарияланған.
Аталған бағдарлама бойынша ҚТҮК тұрғын үй құрылысын жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын өтеу есебінен қаржыландырады. Өткен жылы жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын өтеу көлемі 183,7 млрд теңгені құраса, ағымдағы жылдың жоспары 268,6 млрд теңгеге тең. Бұл ретте, құрылыс материалдарының жалпы құны былтыр 110,2 млрд теңгені (облигацияларды өтеу көлемінің 60%) құраса, биыл көрсетілген жоспар бойынша 161,2 млрд теңгені құрамақ.
Осылайша, құрылыс материалдарының онлайн-платформасында өндірушілер құрылыс материалдарына қатысты қажеттіліктер мен сол сұраныстарды қанағаттандыру мүмкіндігі туралы ақпаратты ала алады. Тиісінше, онлайн-платформа мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың айқындылығын қамтамасыз ете отырып, тұрғын үй құрылысы нарығындағы ақпарат ассиметриясын азайтуға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта құрылыс материалдарының онлайн-платформасында жеткізушілер мен өндірушілер өздерінің әлеуетті тұтынушыларына ҚР ҰКО ЭСҚ тарапынан куәландырылған электрондық коммерциялық ұсыныстарды жіберу мүмкіндігіне ие. Сондай-ақ, онлайн-платформа ең қолайлы бағаларды таңдауға, акцияларды пайдалануға, серіктестерге сенім артуға мүмкіндік береді, өйткені түрлі мәліметтер базасынан ақпараттарды қолдану арқылы онлайн-платформаға тіркелген тұтынушылар егжей-тегжейлі тексеруден өткізіледі.
Өз кезегінде, құрылыс компаниялары өздеріне қажетті құрылыс материалдарын тікелей өндірушілер мен жеткізушілерден онлайн-платформа арқылы іздестіріп, қызықтырған тауарлар бойынша оларға сұраныс жібере алады.
Онлайн-платформада құрылыс салушылар мен құрылыс материалдарын өндірушілердің тікелей өзара әрекеттесуі құрылыс материалдары нарығындағы делдалдар санын азайтуға, сол арқылы бағаны төмендетуге мүмкіндік бермек.
Болашақта онлайн-платформаны жеткізушілер мен құрылыс салушылар арасында онлайн-шарттар жасасу функциясымен толықтыру жоспарлануда.
Онлайн-платформаның жұмысын ұйымдастырудағы негізгі оператор – ҚТҮК. Бүгінгі таңда, онлайн-платформада 97 құрылыс материалдарын өндіруші мен жеткізуші, сондай-ақ, 58 құрылыс компаниясы тіркелген.