Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құрбысы дүкенді алдағанын мойындады": Сыйлыққа гүл алып, 6 жылға сотталған блогер апелляциялық шағым түсірді

Рано Нығметова гүл үшін 6 жыл 5 айға сотталды

Фото: Facebook/Жанна Мұхамади/Әлеуметтік желіден

Атырауда сыйлыққа гүл алып, 6 жыл 5 айға сотталған блогер Рано Нығметова облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Адвокат Жанна Оразбақова сотталушыға тағайындалған жазаның әділетсіз екенін айтып, сотқа қатысатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Адвокат Жанна Оразбақова Атыраудың облыстық сотында блогер Рано Нығметоваға қатысты сот үкімі бойынша аппеляциялық шағым қаралатынын айтты. 

“Рано Нығметованы өзі жасамаған алаяқтық бойынша айыптап, 6 жыл 6 айға соттады. Істің алғашқы томынан-ақ бәрі Раноға қарсы қолдан жасалған. Бірінші жағдайда Раноны гүл үшін айыптады. Оған гүлді “құрбысы болуға тырысып” жүрген әйел жіберген. Ол гүлге тапсырыс беріп, кепіл қалдырып, қолхат жазып қалдырған. Кейін “дүкенді алдаған Рано емес, мен. Рано барлығы төленген деп ойлады” деп тіке айтты”, – деп жазды Жанна.

Гүл дүкенінің қызметкерлері де Рано Нығметованың гүлдердің ақшасы төленбегенінен хабары болмағанын растады. Бірақ Атырау облысының соты блогердің әлеуметтік желіде жариялаған суретін қылмысының дәлелі ретінде тапқан.

Адвокат блогердің тағы бір жағдай бойынша айыпталғанын айтты.

“Екінші жағдай тіпті сандырақ. Рано Нығметова “Ш” есмді жәбірленушіден ақша алғаны үшін айыпталды. Алайда Рано ол адаммен мүлде жеке сөйлеспеген. Жәбірленуші ақша аударымын басқа адамдармен ақылдасқан, ол ақшаны басқа адамның шотына аударған. Ал Рано ақша аудару процестеріне мүлдем қатыспаған, тіпті бұл туралы білмеген”, – дейді адвокат.

Жәбірленуші Раномен жеке сөйлескенін айтады. Алайда оның көрсеткен телефон нөмірі Раноға тиесілі емес болып шықты, тіпті, сол нөмірден Раноға қоқан-лоқы көрсетіп хабарласқан. 

Заң өкілі лингвистикалық немесе авторлық сараптама мүлде жүргізілмегеніне наразы. Оның айтуынша, істі бастапқыда қарауға алған судья оны прокурорға қайта қайтарып, Раноның кінәсін дәлелдейтін айғақтардың жоқтығын, іске қатысы бар адамдардың түсініктемелерінде қарама-қайшылықтар бар екенін, сондай-ақ қылмыс құрамының болмағанын көрсеткен. Десе де соңында Рано Нығметоваға қатысты сот үкімі шығып, блогер 6 жыл 5 айға сотталған.

Еске салайық, Атырауда танымал блогер гүлге тапсырыс беріп, ақшасын төлемегені үшін сотталғаны туралы жазған едік.

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Тамыз, 2025 14:26
Талқылау
`