"Құран оқитын жерде де жүреді": Алтынай Жорабаева мобилографпен жүретін әріптестерін сынады
Фото: https://www.instagram.com/altynaizhorabayeva/
“Құрмет” орденінің иегері, әнші Алтынай Жорабаева мобилографпен жүретін әріптестеріне ескерту жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өнер иесі соңғы кезде әншілер той-томалақтан бөлек, асқа да мобилограф ертіп баратынын айтты.
"Осы мобилографпен жүретін жандар! Қатты шектен шықпаңыздаршы, өтініш. Құран оқитын жер болсын, той болсын, үнемі бірге жүреді. Қонаққа барсаң тіпті амандасқаныңа дейін, сыйлық бергеніне дейін түсіріп жүреді. Жаман көрінеді. Шын айтамын. Желіге салғанда халыққа білінбейді. Бірақ сіздің солай мобилографыңызбен кіріп келгеніңіз сырттан жаман көрінеді. "Ел көрсін" дегеніңіз жаман білініп, сырттан оғаш көрінеді. Жарайды, жұмысыңызды, өнеріңізді жасаңыз. Тіпті арнайы блогерлердің іс-шарасы болса да мейлі. Бірақ шектен шықпаңыздаршы. Артық айтсам, кешірім сұраймын", – деп жазды әнші.
Айта кетейік, әнші Сәкен Майғазиев ұлының тойына мобилограф кіргізбегенін айтқан еді.
“Той ұйымдастырушыларының талап-тілегі бойынша мобилографтардың ешқайсысы кірген жоқ. Әрине, әр әншінің әр көмекшісі маған да қымбат, олар да маған іні-қарындас. Бірақ өздерінің талап-тілектері сондай болды. Неге десеңіз, 800 адамды басқару аздай, оның 100-і әнші болса, олар мобилографпен келсе, қиын болады”, – деген еді эстрада жұлдызы.

"Қазақ екеніме сенбейді": Ақтаулық жігіт желіде ерекше келбетімен көзге түсті
