Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құр кофе ішіп отырады": Депутат QazaqGaz компаниясының 10 мың қызметкерін жұмыстан шығаруды ұсынды

Фото: t.me/mazhilis_kz

Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Саиров QazaqGaz ұлттық компаниясын қатаң сынға алып, штат санын қысқарту керегін айтты. Ал одан үнемделген қаражатты өңірлердегі газдандыруды дамытуға бағыттау қажет дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Газбен жабдықтау және газды ұқыпты тұтыну мәселелері туралы” заң жобасын талқылау кезінде Саиров Тоқаевтың бұған дейін QazaqGaz жұмысына қатаң сын айтқанын еске салды.

Депутаттың сөзінше, компания жылына шамамен 350 миллион текше метр газ өндіретін болса да, онда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Бұл тиімділік тұрғысынан сұрақ тудырады дейді.

“XXI ғасырда Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындары әлі күнге дейін үйін тезек пен көмір жағып жылытып отыр. Бұл  ұят жағдай”, – деді Саиров.

Сондай-ақ депутат Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевтың жауабына көңілі толмайтынын жеткізді. Вице-министр министрліктің Геология комитетімен бірлесіп, ресурстық базаны кеңейтуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге және зауыттар салуға басымдық беріп отырғанын айтқан.

Алайда Саиров ауылдық жерлерді газдандыру мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отырғанын жеткізді. 

“Тек кофе ішіп, ештеңе істемей отырғандарды жұмыстан шығарып, олардың жалақысын ауылдарға газ тартуға жұмсау керек. Бұл халықтың ақшасы. Әр қадам адамдардың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы тиіс”, – деді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін  Тоқаев “Бәйтерек” холдингі және “Самұрық-Қазына” қорымен бірге, ұлттық компаниялардың құрылымын қайта қарау керек екенін айтқан еді. Сол кезде мемлекет басшысы ұлттық компаниялардың құрылымдары артық қызметкерлерге толы екенін айтып, олардың мардымды жұмыс істемейтінін жеткізген. 

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 15:44