Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құны 606 миллион теңге: “Ақтөбе-Лаэти” қалашығы жобасы іске қосылмай жатып тоқтап қалды

Фото: azh.kz

Құны 606 миллион теңге болатын “Ақтөбе-Лаэти” қалашығына арналған жоба іске қосылмай жатып тоқтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2025 жылдың күзінде билік өкілдері келісімшарттың жасалғанын және жұмыс басталатынын мәлімдеген еді. Алайда қалашық аймағында ешқандай жұмыс жасалмаған, тіпті мердігер де іске кіріспеген.

Жобаның құжаттары банк рәсімдерінен өтпей, келісімшарт бұзылғаны белгілі болды. Қаржыландыруы расталмаған жоба 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілді.

Атырау облыстық мәдениет басқармасына қарасты тарихи-мәдени мұраны зерттеу орталығының басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, жобаға бастапқыда қаржы қарастырылған, ал конкурсты құрылыс басқармасы ұйымдастырған. Алайда құжаттардағы сәйкессіздіктерге байланысты келісімшарт банк арқылы сүйемелдеуден өтпеген. Оны мәдениет басқармасы арқылы рәсімдеуге жасалған әрекетте те нәтиже бермеген. Соның салдарынан жобалық-сметалық құжаттарды толықтай қайта қарауға тура келіпті.

“Қазір құжаттар талаптарға сәйкестендіріліп, жоба 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспарына енгізілген. Қазір барлық қажетті құжаттар дайын. Конкурс рәсімдерін тапсырыс беруші ретінде құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы өткізу жоспарланып отыр. Жобаның құны өзгерген жоқ, алайда қаржы бөлінді ме, жоқ па, белгісіз”, – дейді Толыбай Достыбаев.

Айта кетейік, 2025 жылғы 29 қазанда Атырау облысының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы "Жалынды құрылыс" ЖШС-мен келісімшарт жасаған. Компания басшысы – Ғалымжан Халел. Келісімшарт сомасы 606 миллион 320 мың теңгені құраған. Қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен жоспарланған, ал келісімшарт мерзімі 2026 жылдың соңына дейін белгіленген еді.

Жоба "Ақтөбе-Лаэти" қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыруды көздейді. Онда әкімшілік ғимарат, садақ ату алаңын салу, аумақты абаттандыру және көгалдандыру қарастырылған.

Сонымен қатар жоба ғылыми-зерттеу жұмыстарын да қамтыған. Тоғыз ай бойы мамандар қалашықты кезең-кезеңімен зерттеп, қалпына келтіріп, тарихи құндылығын сақтай отырып, нысанды келушілерге қолжетімді етуі тиіс болған.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 28 Қаңтар, 2026 22:03