Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тимур Құлыбаевқа тиесілі банктің табысы жүздеген миллиард теңгеге артқан

Коллаж Stan.kz

Тимур Құлыбаевқа тиесілі Halyk Bank табысын арттыруды жалғастыруда. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша таза пайда 809,9 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 26,8%-ға өскен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

KASE сайтында жарияланған есепке сәйкес, пайданың өсуіне несиелеу, сақтандыру бизнесі және комиссиялық табыстар әсер еткен. 

Сақтандыру қызметінен түскен табыс екі есе өсіп, 26 миллиард теңгеден 51 миллиард теңгеге жеткен.

“Halyk Bank-тің несие портфелі 13 трлн теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері ол 8,2%-ға ұлғайды: бөлшек несие сегменті 9%-ға, корпоративтік сегмент 7,8%-ға артты. Қарыздарды коллекторларға сатуға енгізілген мораторийге байланысты проблемалық несиелердің үлесі 6,9%-ға дейін өсті”, – делінген есепте.

Нәтижесінде Halyk Bank активтері 20,4 триллион теңгеден асты, оның ішінде 14,1 триллион теңге – клиенттердің қаражаты. Теңгедегі депозиттердің үлесі 71%-ға дейін өскен.


Құлыбаевқа тиесілі Қапшағай жағалауындағы жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды


Жуырда Halyk Bank өз акционерлеріне рекордтық көлемде дивиденд төледі.

KASE сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, 22 қыркүйекте өткен акционерлердің жалпы жиналысында банк өткен жыл үшін жай акциялар бойынша дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаған.

Жалпы төленетін сома – 229 млрд 193 млн 967,7 мың теңге. Әр акциядан түсетін таза табыс – 21 теңге. Акционерлерге төлемдер 25 қыркүйектен бастап төленді.

Halyk Bank-ті Тимур мен Динара Құлыбаевтар "Алмэкс" компаниялар тобы арқылы басқарады, аталған топ банк акцияларының 69,48%-ына иелік етеді. Тағы 27,92% акция The Bank of New York-тың меншігінде. Ресми түрде Құлыбаевтарға тиесілі үлесті ғана есептегеннің өзінде, оларға бөлінетін дивиденд сомасы 159 млрд 254,3 млн теңгені құрайды.

Еске салсақ, бұған дейін Тимур мен Динара Құлыбаевтар Алматыдағы "Car City" сауда орталығынан миллиондаған дивиденд алатыны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 21:56
Талқылау