Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құлдыққа қош келдіңіз": Бірнеше Өзбекстан азаматы Астанадағы мейрамханалар желісін құжаттарымызды тартып алып, жұмысқа жекті деп айыптады

Фото: azattyqasia.org

Астанадағы “Карима” мейрамханалар желісінде жұмыс істеген бірнеше Өзбекстан азаматтары мейрамханаға еңбекақысын төлемегенін және құжаттарын тартып алғанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Азаттық Радиосына сілтеме жасап хабарлайды. 

Астанаға жұмыс істеу үшін келген өзбекстандық Мавлюда Хайитова “Карима” мейрамханасында алғаш естіген сөзі: “Сәлеметсіз бе, құлдыққа қош келдіңіз!” болған. Мавлюданың абыржып қалғанын көрген жұмыс беруші дереу бұл әзіл екенін айтқан. Алайда кейінгі оқиғалар бұл сөздердің әзіл емес, шындық екенін көрсеткен.

"Егер құжаттарыңды тартып алып, еңбекақысын төлемесе, бұл құлдық емес пе?" – дейді Мавлюда.

Биыл қаңтар айында Мавлюда Хайитова тіскебасарларды дайындайтын аспаз болып жұмысқа орналасқан. Оған күн сайын 10 мың теңге төленеді деп уәде етілген. Мавлюда бір ай жұмыс істеп, Наманғанда қалған қарт анасының еміне ақша жинауды жоспарлаған. Алайда екі жарым ай өтсе де, әйел әлі еліне қайта алмай жүр.

Фото: azattyqasia.org (Мавлюда Хайитова)

“Әр жолы мен бастығымнан кету үшін рұқсат сұрап барғанымда, ол “жоқ” деп жауап беретін. Шамамен бір айдан соң мен өз құжаттарымды сұрап, кеткім келетінін айттым, себебі мені депортациялауы мүмкін, ал кейін қайта кіре алмай қаламын. Ол қайтадан “жоқ” деді, "Сен кете алмайсың, мен тұрғанда ешкім сені депортацияламайды. Полиция менің қолымда, депортацияламайды” деді. Мен аздап тағы жұмыс істеуге келістім. Содан кейін тағы келіп: "Мен кетуім керек, рұқсат беріңіз. Анам ауырып жатыр" деп айттым. Ал ол: "Менің де анам ауру. Сенің анаң өлген жоқ қой. Өлсін, сонда ғана жіберемін" деді", – дейді Мавлюда. 

Мавлюда мейрамхана басшылығының әрекеттерінен зардап шеккен жалғыз адам емес.

50 жастағы Шавкат Турсунов – Мавлюданың отандасы, мейрамханада нан пісіріп келген. Ер адам "Карима" мейрамханасында бұрын өзінің әпкесі жұмыс істегенін айтады. Әпкесі үйге оралғысы келгенде мейрамхана басшылығы оған "орныңа біреу келуі керек" деген шарт қойған. Әйел бауырынан көмек сұраған.

“Мен сол кезде Томскіде жұмыс істеп жүрдім, уақытша үйге қайтып келдім, тіпті бір ай да болмады, осында келдім. Әпкем маған мұндағы жағдайды алдын ала түсіндіріп, құжаттарды рәсімдеу деген жалған сылтауымен тартып алатынын, уақтылы еңбекақы төлемейміз деп алдайтынын айтты. Ештеңе рәсімдемейді, ал кеткің келсе, "Полицияға тапсырамыз, қамап тастайды" деп қорқытады. Солай қорқытады. Мен бәрін біліп келдім, тек бір мақсатпен – әпкемді құтқару. Бірнәрсе ойлап табармын деп ойладым”, – дейді Шавкат Турсунов.

Фото: azattyqasia.org (Шавкат Турсунов)

Шавкат күн сайын 13 сағат жұмыс істейтінін, ауысым түн ортасына дейін созылатынын, ал еңбекақы үнемі кешігіп төленетінін айтады. 

“Қағаз жүзінде менің еңбекақым 12 мың теңге деп көрсетілген. Ал іс жүзінде оны бір жарым-екі айдан кейін төлейді. Ақшаны уақытында алу біз үшін өте маңызды. Егер еңбекақы төленбесе және паспорт та тартып алынса – бұл дұрыс емес. Адам өз қалауынша кете алуға құқылы. Мен сияқты осындай жағдайда қалған адамдар көп”, – дейді Турсунов.

Мейрамханада осы кісілерге ұқсас тағы бірнеше өзбекстандық жұмыс істейді екен.

Жағдайды анықтау үшін “Карима” мейрамханасына барған журналистерге мекеме әкімшілігі шықпады. Мейрамхананың басқарушы Сапарбай Төрекұлов телефон арқылы Өзбекстаннан келген жұмысшылардың айтқандарын жоққа шығарды.

“Паспорттары өздерінде, полиция тексергенде олар оны кассаға әкеледі. Өздері әкеледі, өздері алып кетеді, ешкім олардың құжаттарын тартып алған жоқ. Мен қолымда ұстаған жоқпын. Келіп, еңбекақыларын алып кетсін, ешкім оларға қысым жасамайды. Жұмыс кестесі бойынша кетеді, 18-іне билет алдық, біреуге 1-іне, кестесін жасақтадық. Жұмысын бітіріп, кетеді”, – деді Төрекұлов телефон арқылы.

Ол жұмысшылар еңбекақысын уақытында және толық алады деп мәлімдеді.

Айта кетейік, “Карима” мейрамханалар желісіне бұған дейін де адамдардарды құлдықта ұстау бойынша шағымдар болған. 2023 жылы бірнеше Өзбекстан азаматы мейрамханаларда келісілген мерзімнен ұзақ жұмыс істегенін, ал уәде етілген сомадан аз еңбекақы алғанын айтқан. Олардың сөзінше, Қазақстанға келген кезде жұмыс беруші олардың төлқұжаттарын тартып алып, қайтарудан бас тартқан. Кейбіреулерін мейрамханадағы ер азаматтар соққы жығып, қорқытып-қудалаған көрінеді.

Кейін “Қорғау” қоғамдық қорының көмегімен бұл өзбекстандықтар полицияға арыз берген, алайда адвокаттың айтуынша, тергеу баяу жүрген. Полиция қылмыстық іс қозғағанын хабарлаған. Алайда “Карима” әкімшілігі мигранттарға паспорттарын қайтып беріп, еңбекақыларын төледен кейін олар өз елдеріне қайтып кеткен көрінеді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 18 Наурыз, 2026 23:14