Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құлағын бұраған": Өскеменде бүлдіршінге күш көрсеткен балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды

Өскеменде Күленов кентіндегі балабақшалардың бірінде тәрбиеші балақайдың жанынан өте бере, желкесін қысып жібергендей көрінеді. Кейін баланың әпкесі мұны қасана күш көрсету деп, жауапты тұлғалардың бейжай қарамауын өтінді. Stan.kz тілшісі мәселені толығырақ біліп көрді.

"Бір емес, бірнеше рет денесі көгеріп келді"

Берілген мәліметтерге сүйенсек, шөлдеген бүлдіршін тәрбиешіден су сұрапты. Сол бұйымтай жақпаған сыңайлы, тәрбиеші терезе жақты нұсқап тұрған балаға жақындап келіп, құлақ-шеке тұсына қол жүгіртеді. Кейін анықталғандай, құлағын бұрап жіберген.

Балабақша камерасындағы кадр жан-жаққа таралып, көптің қызу талқысына түсті. Аз уақыттан соң тәрбиешінің тосын әрекетіне ұшыраған баланың әпкесі оқиға бойынша өз наразылығын білдірді.

“Бұл – менің туысқаным. Балабақшадан бір емес, бірнеше рет денесі көгеріп келді. "Бәлкім, құлап қалған шығар" деп топшыладық. Бейнежазбада тәрбиешінің балақайдың құлағынан бұрағаны ап-анық көрініп тұр. Қылмыстық іс қозғадық, бірақ тәрбиеші жауап беруге келген де жоқ”, – деп жазады әйел.

Жекеменшік балабақшада болған жағдай

Оның сөзінше, балабақша басшылығы осыған қатысты қандай да бір шара қолданып, өзгеріс енгізбеген. Ата-аналар айына 85 мың теңге төлеп отырған көрінеді.

“Айтайын дегенім, егер балаңыз үйге денесін көгертіп, бір жерін ауыртып келсе, ол өздігінен алған жарақат болмауы мүмкін. Ойнап жүріп құлап қалды деп те айтып жатады. Көкейге түю керек тұсымыз сол: ата-аналар қырағы болып, барлығын дер кезінде байқаулары тиіс. Егер балабақшаға барар алдында жылап, мазасызданса, демек оны ұрып-соғады. Бұл жердің қауіпсіз емес екенін білсеңіздер деймін”, – деді баланың әпкесі.

Кейін бұл туралы қалалық білім бөліміндегілер пікір білдірді. Олардың айтуларынша, келеңсіз жайт жекеменшік балабақшада болған.

“Тәрбиеші жұмыстан қуылды. Оның іс-әрекеті бойынша құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Қаланың барлық мектепке дейінгі мекемелерінде профилактикалық шаралар жүргізілуде”, – делінген мәліметте.


 

 

Талқылау