"Құлағым қатып қалды": Желі қолданушылары боранда жолда қалып қойған жүргізушінің видеосын талқылауда
Қазақстандық әлеуметтік желі қолданушылары аязда жолда көлігі бұзылып қалған жүргізуші түсірген видеоны талқылауда. Видеода ер адамның кірпігіне, қасына және сақалына мұз қатып, құлақтары үсіп қалғанын байқауға болады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видео Instagram-дағы парақшаларда пайда болды. Ролик авторы көлігі бұзылғандықтан, Қарағанды облысының Батық ауылына жете алмағанын айтады.
"Боран, ремень үзіліп кетті. Жолда қалдым. Капотты ашып едім, зорға жаптым. Мына қара, құлақтың түбі қатып қалыпты. Бекер шыққан екенмін. Машина оталмайды, қалай хабарлассам екен", - дейді жүргізуші.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі видео Шет ауданында түсірілгенін айтты.
"Жүргізуші жол-жөнекей көлікпен өзі жетті. ТЖД-ға жүгінген жоқ. Оның Жаңаарқа кентіндегі ауруханаға барғаны белгілі. Оған көмек көрсетілді. ТЖД әрдайым ауа-райының нашарлауы туралы ескертеді. Алайда, барлық жүргізушілер ескертулерімізді тыңдай бермейді. Ауа-райына сай киінбейді, боранда шығады. Содан кейін осындай салдарды көріп отырмыз", - деп атап өтті ведомствода.
Айта кетейік, бұл боранда жүргізушілер түсірген жалғыз видео емес. Желіде Алматы-Кеген асуында түсірілген ролик пайда болды. Кадрларда видео авторы кептелген машиналарды көрсетіп, трассада көріну деңгейі өте төмен екенін айтады.
Ауа райы туралы тағы бір видеода автор машинаның кюветке қалай ұшқанын көрсетеді. Видеода жол апаты Қарағанды-Теміртау тас жолында болғаны айтылған.