Құқылымыз әрі міндеттіміз – Қорғаныс министрлігі азаматтарды әскерге көшеден ұстап әкету жағдайлары туралы
Еліміздің Қарулы күштер бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев азаматтарды түрлі ойын клубтары мен көшеден, тіпті басқа қаладан ұстап алып, бірден әскерге жіберудің қаншалықты заңды екенін түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Айдарбаевтың айтуынша, бұл тұрғыда ведомство Ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірлесе жұмыс істейді.
“Егер әскери шақыру жасына жеткен, борышын өтеуге тиіс азаматтар жалтарып қашып жүрсе, олар туралы ақпаратты Ішкі істер органдарының қызметкерлеріне жібереміз. ЖСН номерлері арқылы олар туралы барлық ақпаратты: оқып, жұмыс істеп жүргені туралы бәрін анықтап отырамыз.
Ауылдың балаларының көбі қалаға келеді, мегаполистерде жүреді. Оларға шақыру қағазын жіберіп келтіре алмағасын, ақпаратты Ішкі істер органдарына жібереміз. Сәйкесінше, Ішкі істер органдары өз құқығы бойынша азаматты әкелуге тиіс.
Әскерге шақыртуды берудің орны, мақсаты мен уақыты жазылмаған. Сондықтан міне, халыққа алдын ала айтып отырмыз. Осы хабардан соң әскерге жарамды азаматтар өздері келіп сараптамадан өтуге міндетті. Ал егер келмесе, біз оны басқа қаладан ұстап немесе ауылдан әкетуге құқылымыз әрі міндеттіміз”, – деді ол.
Фархат Айдарбаев заң төңірегінде ешқандай өзгеріс жоқ екенін алға тартты.
“Мұғалімдер, депутаттар өзінің құқығы бар мамандар әскерден босатылады. Қалғандары жұмыс берушісімен келісімге келіп әскерге келуі керек. Әйтпесе біз жұмыс орнын жауапқа тартуға құқылымыз.
Жалпы 2022-23 жылдары көшеден ұстап әкетіп адам құқығын бұзатындай жағдайлар болды. Алайда біз Бас әскери прокуратурамен бірлесіп, мұның алдын алдық”, – деп қосты ол.