"Құдалардан ұят болады": Түркістан облысында 55 жастағы әйел той жасау үшін есірткі қойып кетуші болып жұмыс істеген
Белгілі документалист Ринат Балғабаев Dope Soz подкасына берген сұхбатында "Соль" фильмі қалай түсірілгенін айтып берді. Оның айтуынша, фильмде бұрын есірткі бизнесіне қатысы болған әйелдің оқиғасы негіз болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ринат Балғабаев сұхбат барысында Түркістан облысының 55 жастағы тумасының оқиғасын айтып берді.
"Әйелге той жасауға 300 мың теңге керек болған. Сол уақытта өзі жұмыстан шығып, ал әпкесінің қызы тұрмысқа кетуге дайындалып жатқан. Әйел сол кезде микрокредит ұйымынан несие алып, қарызға белшесінен батқан. Қарызын жабу үшін және тойға беру үшін жұмыс іздеген. Амалы таусылған ол 300 мың теңге табу үшін есірткі қойып кетуші болып жұмыс істеу туралы шешім қабылдаған. OLX-тен хабарландыруды тауып, курьер болып жұмысқа кеткен. Бірақ осы арада ол 200 мың теңге ғана тапқан. Табыс таппай жатып, кейін ұсталады", –деді Ринат Балғабаев.
Есірткіні тасымалдау менеджерлері әйелді екі ай бойы үйреткен.
"Бірінші айда онлайн, телеграмм арқылы үйретіп, 2GIS желісін қалай қолдануды көрсеткен. Әйел бастапқыда видеоға түспеймін деп шешім қабылдаған. Өйткені құдалары ақшаны осылай тапқанын көрсе, ұят болады деп ойлаған. Оған "Сіз осы 300 мың теңге үшін 10 жылға сотталып кетсем ше деп ойламадыңыз ба? Бұл қорқынышты ғой?" деп айттым Ол менің сұрағыма жауап беріп, "Сіздерде қалай екенін білмеймін, біздің оңтүстікте жағдай басқа. Ұят болады. Егер мен ақшалай көмектеспесем, ұят болады. Себебі ол кезінде маған да көмектескен" деп әпкесі туралы айтып берді", – деді документалист.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында есірткіні онлайн сатып келген ер адамнан 20 миллион теңге тәркіленгенін жаздық. Полиция департаментінің дерегінше, Өскемен қаласының 32 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол өзі өсірген марихуана мен гашишті сату үшін танымал мессенджерлердің бірінде веб-сайт пен парақша құрған. Есірткі сатылымын жасырын орындар арқылы жүзеге асырған. Төлемді алғаннан кейін күдікті тауарды алдын ала келісілген орындарға қалдырған. Оның жер үйін тінту барысында полицейлер есірткінің әртүрлі түрлерін өсіруге арналған зертхананы анықтады.