Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Құбырлары шіріп кеткен": Шымкентте жаңа тұрғын үйде жылусыз қалған жұртшылық наразылығын білдірді

Шымкентте жаңа Тұран-1 ықшамауданындағы 500-ге жуық отбасы пәтерлерінде жылусыз отырғандарын айтып шағымданда. Мұнда 6 жыл бұрын салынған 11 көпқабатты үйдегі құбырлар түгел дерлік шіріп кеткен. Бұл туралы Stan.kz ақрпарат агенттігі Ктк арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Сурет сюжет кадрларынан

Тұран-1 ықшамауданындағы үйлер көп балалы отбасылар мен мүгедектерге арнайы салынған. Алты баланың анасы Эльмира Пернебек қазір бүкіл отбасымен бір бөлмеге тығылып отырғанын айтады. Айтуынша, үйдегілер күнде бірінен соң бірі ауырып жатыр екен.  

“Осы бөлмеде тоғызымыз тұрамыз. Менің де мүгедек туысым бар. Басқа амал жоқ, үйдің басқа бөлмелері суық. Бәріміз шетінен ауырып қалдық. Дәрі-дәрмекке қаншама ақша кетті! Тіпті осы айда 3 мыңнан астам жылудың ақшасы келіп тұр. Мұндай соманың қайдан шығып тұрғаны белгісіз”, – деді Эльмира Пернебек. 

Тұрғындардың шағымынан соң коммуналдық қызметкерлер 2017 жылы салынған құбырларды  тексеріп, ақау барын анықтаған. Алайда жұртшылық мұндай тексерістердің неге жаз айында жүргізілмегеніне наразы. 

“Жылыту маусымына дайындық кезінде олар бәрі дайын екенін хабарлады. Бірақ іс жүзінде мүлдем дайын болмадық. Қазір 11 үйде құбыр жөндеуді қажет етеді. Бұл шамамен 536 пәтер!”, – деді Гүлизат Сейдазова.

Жылу инженерлері жазғы тексеріс кезінде ешқандай ақау таппағандарын айтты. Ал коммуналдық қызметкерлер бұған жол салған мердігер мен жұмысты қолға алған шенеуніктерді кінәлап отыр. 

“Мұнда небәрі 1850 метр құбыр бар. Оның 560 метрін ауыстырамыз. Ал қалғаны келесі жылға жоспарланған. Расында, құбырлардың шірігені көзге көрініп тұр. Бір бөлігін кесіп алып, міндетті түрде Алматыға сараптамаға жібереміз”, – деді "Қуат Жылу" МКҚК директорының орынбасары Нұрбек Орынбаев.

Жылу инженерлері бір-екі күнде үйлерді жылумен қамтамасыз етуге уәде берді. Кейін кім кінәлі екенін анықтау үшін сотқа жүгінбек.

Талқылау