Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Квота саны екі есе көп": Магистратураға грантқа түсе алмаған алматылық студенттер наразылығын жеткізді

Бакалаврды аяқтап, кешенді тестілеуден жоғары балл алған жас мамандар квотаның көптеп бөлінуінен ақылы бөлімге түсуге мәжбүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнасының Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Жас мамандар магистратураға квотамен грантқа төмен балл алғандардың түскеніне наразы. 

“Квота жалпы грант санынан бірнеше есе көп бөлінді. Яғни, менің мамандығыма 200 грант бөлінді. Оның 91-і ғана жалпы конкурс бойынша, ал 109 грант квота бойынша ғана қарастырылған. Ал кейбір мамандыққа бар-жоғы 200 грант бөлінген. Оған үміткер 1000 магистрант тапсырды”, – дейді Гүлмира Қолдасова.

Магистратураға құжат тапсырудың соңғы күні болғандықтан жастарға бір шешімге келу қиынға соқты. Бірі ақылы оқуды қалтасы көтермейтінін айтып, оқудан бас тартса, енді бірі несие алып қалай да магистратураға түспек. 

“Менің анам – мүмкіндігі шектеулі жан. Өзім толық емес отбасынанмын. Осыған дейін оқығаным зая кетпесін деп амалсыз несие алып, ақылы түстім. Енді соны өзім төлеймін. Кешенді тестілеуден өтудің өзі өте қиын. Квота деп бізді ысырып тастауға болмайды”, – дейді Мұхаммед Мұсаев.

Тегін оқудан қағылған 40-қа жуық жас маман Ғылым және жоғары білім министрлігіне арыз жазып, қол жинады. Бірақ оның жауабы тек қыркүйектің ортасында ғана белгілі болады екен.

Талқылау