"Бәйбіше күйеуіне тоқал сыйлау арқылы "өзіне әйел алып жатыр": Психолог қоғамдағы даулы мәселеге қатысты пікір білдірді
Кейінгі кезде желіде "күйеуіме тоқал сыйладым" деген сарындағы видеолар жиіледі. Мұндай тосынсый “діни жамағат” арасында үрдіске айналып жатқандай. Бірақ Қазақстанда заңсыз болып саналатын екінші әйел алу және екі әйелдің бір шаңырақ астында тұруы отбасы институтын бұзбай ма деген сұрақ туады. Мұндай үрдістің пайда болғанына психолог мамандар да алаңдап отыр. Себебі олар бұл жағдай сау отбасын үйлесімі бұзылған жанұяға айналдырады дейді. Stan.kz ақпарат агенттігі психологтан тоқал алып беретін әйелдердің әрекеті нені білдіретінін сұрап көрді.
Видеодан скриншот
Психоанализ қауымдастығының мүшесі Мейіргүл Бимағамбетова мұндай құбылыстың жиі болып жатқанына маман ретінде алаңдайтынын айтты. Оның сөзінше, психоанализ ғана емес, жалпы психология тұрғысынан әйелдердің өзінің күйеуіне тоқал сыйлау жағдайлары дәстүрлі отбасы институтына нұқсан келтіреді.
"Өйткені қандай адам болмасын, теңдікте және баланста өмір сүргісі келеді. Ал жанұяда тоқалдың пайда болуы отбасын дисбалансқа әкеледі. Жалпы Қазақстанның жағдайында ғана емес, бүкіл әлем жағдайында бір нарцистік парадигмада өмір сүріп жатырмыз. Мұны эгоистік парадигма деуге болады. Әркім "менде ғана болса екен" дейді. Әр баланың жандүниесіне үңіліп қарасақ, олардың “әкем мен анам тек маған тиесілі болса екен" деген құпия қалауы болады. Кейінгі кезде технологияның дамуы салдарынан жалпы әлемде сондай парадигма болып жатыр. Ал қазіргі қазақ қоғамындағы жігіттерге өз әйелдері екінші әйел немесе тоқал сыйлауы бізді регрессияға ұшыратады. Әлеуметті, мәдениетті біз өтіп кеткен дәуірлердегі кезеңдерге қайта апарып тұр. Бірақ ол дәуірде бір үйде екі, үш әйел болуы заңды болса, ал қазір бұл – тұрпайылық. Сондықтан мұндай әрекет қазіргі заманда ешқандай да жарасымды емес. Керісінше мұндай жағдай отбасындағы үйлесімді, қандай да бір теңдікті жояды, кішкентай мемлекеттің өркендеуін тежейді", – дейді психоаналитик.
Маманның сөзінше, ал тоқал алуға қарсы болмаған, керісінше оны өзі алып беріп жатқан әйелдердің әрекеті "күйеуім маған разы емес" деген ойдан, өз бағасының төмен болуынан туындап отыр.
“Күйеуіне тоқал сыйлаған бәйбішесі өзінің іс-әрекетін даналықпен, дархандықпен бағалайтын шығар. Бірақ біз психоанализ тұрғысынан қарасақ, бейсаналы түрде бұл әйелдің өкінішке қарай өз бағасы төмен. Мұндай отбасыда теңдік жоқ. Біздің көп отбасыларда ер адамды жоғары, ал әйел адамды төмен қояды. Осы отбасындағы дисбаланс әйелдің өзін бағалауын төмендетеді. Ал әйелдің бағасы төмендеген сайын ол бейсаналы тұрғыда жағымпаздану күйіне өтеді. Меніңше, осы тоқал сыйлаудың жасырын мотиві, түрткісі жағыну болуы әбден мүмкін. Сонда ол әйел өзі кезінде жақсы көрген, өзі тұрмысқа шыққан, қалыңмалын берген, құда түскен күйеуі туралы бейсаналы түрде "маған разы емес, маған наразылығы бар" деп ойлап тұр. Әйел осы ойдан жағынуға барып отыр”, – дейді Мейіргүл Бимағамбетова.
Сонымен қатар ол мұндай отбасыда ересектермен қатар балалар жапа шегетінін айтты.
“Әрине, өте өкінішті жағдай. Сыртынан той-томалақпен, береке-бірлікпен, шапағатпен көрсеткенімен, бір жанұяда екі әйелдің болуы – ол күйеуін басқа әйелге бөлісу. Бұл эмоциялық тұрғыда адамға қатты нұқсан келтіреді. Сонымен қатар осы отбасыдағы балалар үшін бұл – өте дөрекі, психикасына кесірін тигізетін жағдай. Сондықтан да мен бұл әрекетті қолдамаймын, бұл жағдайға алаңдаймын. Бұл қоғамды регреске ұшыратады”, – дейді психоаналитик.
Кей психоаналитиктер әйелдің күйеуіне тоқал сыйлауын "бәйбіше бейсаналы түрде өзіне әйел алып жатыр" деп топшылайды. Дегенмен Мейіргүл Бимағамбетова қоғамдағы бұл үрдіс отбасында әйелдің ерімен бірге билікке таласуын көрсетеді деп түйіндеді.
“Өзіне әйел алып жатыр” деген болжам – терең және психоанализді түсінбейтін адамға қабылдау қиын теория. Әйелді бейсаналы түрде өзіне алу дегенді бәлкім невротикалық деңгейге жеткен адамдардың бейсаналық қалауы дер едім. Өйткені бұл – белден төменгі әрекет. Одан көрі мен бәйбішенің күйеуімен билікке таласын көтерер едім. Өз күйеуіне сыйлық беріп, ол еркекті символикалық деңгейде бөпеге айналдырып отыр. Өзін төмен бағалауы, күйеуімен жасырын билікке таласу – өкінішке қарай, біздің қазіргі қоғамның көрінісі. Ал өркениетті елдердің қарны тойған. Олар жыныстық деңгейдегі, ләззат алу деңгейіндегі проблемалармен күреседі. Дамушы елдердің қарны тоймаған. “Жесем, тойсам, талассам” деген, даму сатысының Фрейд айтқан “гениталииге дейін” немесе “эдип кезеңіне дейін” деңгейіндеміз. Біздің қоғам “біреуден кем болмасам”, “біреу менің кемшілігімді көрмесе”, “біреуге жақсам”, “орта мені қабылдаса” деген жасырын қалаулармен өмір сүріп жатыр”, – деп қорытындылады психоаналитик.