“Күйеуім қызымды ұрғанын полицияға айтқаным үшін қайын әпкелерім үйден қуып шықты”: Әділдік іздеген ақтөбелік келіншек далада қалды

Ақтөбе облысында 29 жастағы көпбалалы ана дағдарыс орталығын паналап отыр. Келіншек күйеуінің өгей қызын ұрғанын полицияға хабарлаған соң, 9 қайын әпкесі үйді босатуын талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданының Қарасу ауылының тұрғыны 29 жастағы Гүлнұр есімді келіншек қазір төрт баласымен бірге Ақтөбе қаласындағы дағдарыс орталығына келді. Әйелдің айтуынша, күйеуі 8 жастағы өгей қызын шашынан сүйреп ұрып, өзін қылғындырған. Әйел бұл әрекетті полицияға хабарлағаннан кейін үйінен қуылған. Қайын әпкелері арызды қайтып алғанда ғана үйге кіресің деп қысым көрсеткен.
“Күйеуім удай мас болды. Екінші сыныптағы қызымды су құбырымен ұрды. Арқасынан, санынан аяусыз соқты. Араша түскенде мені қылғындырып, қабырғаға тақап қорқытты. Көзім қарауытып кетті. Қорғану үшін итеріп жібердім, ол құлады. Өлтіріп алдым ба деп қорқып, дереу полицияға қоңырау шалдым. 2023 жылдан бері мені де, қызымды да ұратынын айтып арыз жаздым. Осыдан кейін 9 қайын әпкем “полицияны неге шақырасың? Төрт балаңды алып, үйді босат”деп қысым көрсетті”, – дейді Гүлнұр.
Бұл Гүлнұрдың екінші некесі. Алғашқы күйеуінен бір ұл, бір қыз бар. Қазіргі күйеуінен ортақ екі баласы бар. Ер адам жұмыс істемейді. Отбасының жалғыз табысы Гүлнұрдың жалақысы мен балалардың жәрдемақысы екен.
“Үйде 70 жастағы енем бар. Зейнетақысын қыздары алып отыр. Өздері “жинаймыз” деді. Бір қайын апам көрші тұрады, бәрін көріп жүр. Көбіне мені және қызымды ұрады. Мас кезінде балаларыммен бірге үйден қуып жібереді. Өзім мектепте завхозбын, 85 мың теңге аламын. Балалардың жәрдемақысы бар. Сол ақшамен күн көріп отырмыз”, – дейді ол.
Өлтіремін деп қорқытты: Желіде Алматыдағы қоғам белсендісінің әйелін соққыға жыққан видеосы тарады
Танымал әнші Маржан Арапбаеваны азаматтық некедегі күйеуі соққыға жықты
Ақтөбе облыстық полиция департаменті ер адамның қамауға алынғанын хабарлады.
“Аталған дерек бойынша Ойыл аудандық полиция бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Жәбірленушінің өгей әкесі болып табылатын күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Анасы балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылып, оларға қажетті көмек көрсетілуде. Тергеу әрекеттері жалғасуда. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жария етілмейді”, – делінген Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарламасында.
Ал заңгер отбасылық зорлық кезінде әйелдерді үнсіз қалмай, заң орындарына шағымдануға шақырды.
“Күйеуінің ұратынын, қорқытатынын айтқан шығымдар сотқа күнде түседі. Қорлыққа көніп отыру дұрыс емес деп санаймын. Үнсіз қалмай, заң орындарына шағымдану керек. Ашу үстіндегі соққы өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан оған бей-дай қарамау керек. Бишімбаевтың ісінен кейін мұндай шағымдар көбейді. Әйел адамдар қорықпай, проблемаларын ашып айтып жүр”, – деді заңгер Данияр Сүндетбаев.
Айта кетейік, қазір Ақтөбе қаласындағы дағдарыс орталығында отбасылық зорлық көрген 24 әйел паналап отыр.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы облысында асаба әйелі мен енесін соққыға жықты деген күдікпен ұсталғаны туралы жазған едік.