"Курс өз бағасына тұрмайды": Қазақстандықтарды ашығуға үйретіп жүрген “All Давай” тобының әншісінің басы дауға қалды
Отандық “All Давай” тобының әншісі Шоқан Маратұлының ашығу арқылы арықтауға көмектесетін курсына қатысты дау шықты. Өнер иесінің курсын 300 мың теңгеге сатып алған астаналық келіншек курстың шикі екенін және өте төмен деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, шағым түсірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин/instagram.com/golodanie_shokan
Қарлығаш Нұржан есімді желі қолданушысы өз парақшасында Шоқан Маратұлының курсына қатысты жазба арнады. Айтуынша, ол әншінің танымалдығына алданып курс сатып алған.
“Шоқан Маратұлы, мен сіздің үстіңізден полицияға арыз түсірмеймін. Бірақ курсыңызға қатысты пікір қалдыруға құқылымын. Бәлкім сіздің ашығу әдісіңіз өзіңізге көмектескен болар. Бірақ бұл шикі, дұрыс ойластырылмаған курсты 300 мың теңгеге сатқаныңыз дұрыс емес. Онлайн курс, марафондарға жиі қатысатындықтан сапалы ұйымдастырудың не екенін білемін. Сіздің курсыңыз өте нашар ұйымдастырылған. Бірінші рет ашығып, арықтауға ұмтылған адамдарды WhatsApp топқа жинау – 300 мың теңгені ақтамайды”, – деп жазды желі қолданушысы.
Ол курсты сатып алғандықтан оның несиесін төлеуді жалғастыра беретінін айтады. Сондай-ақ тамынал адамның сөзіне сеніп қалғандықтан бар кінә өзінде екенін де мойындады. Қарлығаш көпшілікке Шоқан Маратұлының курсын сатып алмауға кеңес берді.
“Сатып алғысы келіп жүрген адамдар болса, кеңес бермеймін. Курс өз бағасына тұрмайды. Ашығу – медициналық бақылауды қажет ететін маңызды қадам. Адамдарды WhatsApp тобы арқылы жай ғана басқару сауатсыздық және денсаулыққа қауіпті. Кураторлардың дайындығы жеткіліксіз. Бізге WhatsApp тобы ашылды. Берілген тапсырмалар хабарламалармен араласып кететіндіктен оны жоғалтып аламыз. Нақты нұсқаулар мен курс аяқталғанша берілетін кесте жоқ. Іс-шаралар жоспарын түсіну үшін барлық тапсырманы өзім бір құжатқа жинауға тура келді”, – дейді Қарлығаш.
Айтуынша, курстың уәде етілген платформасы дайын болмай, тренинг те аяқталды. Осылайша Қарлығаш курсты аяқсыз қалдырған.
“Курс әлі шикі және оны мұндай бағаға сату дұрыс емес. "Шоқан Маратұлынан ашығу” курсына көңілім толмады. Сондай-ақ әрине, олар ақшамды қайтарудан бас тартты. Жүктелген кесте мен бүкіл курс кезеңі үшін нақты кестесі бар платформа жоқ. Тек кураторлар ғана емес, сауатты дәрігер немесе медициналық білімі бар куратор кеңес беру керек еді. Ол да жоқ. WhatsApp тобы тек қарым-қатынас пен әсер алмасуға арналған. Курсты ұйымдастырып, басқарудың негізгі құралы емес”, – деп шағымын жеткізді. желі қолданушысы.