Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күресетін адамдарды тапқан екен": Қазнетте эскорт-қызметті ұйымдастырған қызды жазалауға қатысты дау туды

Алматыда эскорт желісін ұйымдастырған блогерге 10-15 жыл аралығында бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Бұл жағдай қоғамдық пікір туғызып, бірі эскортшыларды қатаң жазалауды талап етсе, бір тарап мұндай ауыр жаза тағайындау әділетсіз екенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматыда келбетті қыздарды іздеп, бай клиенттерді тартумен айналысқан 25 жастағы блогер ұсталып, қамауға алынған еді. Енді оған 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төнді.

“Эскорт ешқашан жойылмайды”

Бұған журналист Гүлнар Бажкенова пікір білдіріп, қанша жаза қарастырылса да, эскорт ешқашан жойылмайтынын айтты.

“Тоқалдар институты дүркіреп тұрған елде осы әрекет үшін 15 жыл, не үшін? Эскорт бар, болған және бола береді де. Мүмкін Түркия немесе Швейцария сияқты дамыған елдердегідей заңдастыру керек шығар, бірақ бұған қарсы да, қолдайтын да аргументтер жеткілікті. Білетінім, мұны ешқашан жоя алмаймыз. Алайда тыйым салудың кесірінен полициейлер оларды жасырып, артықшылықтарға ие болып отыр”, – деді журналист.

“Онда Болат Назарбаев өмір бойына сотталуы керек”

Журналист Сырым Итқұлов Бажкенованың пікірімен келісе отырып, басқа қылмыскерлер бойжеткенге қарағанда азырақ жазаға ие болғанына наразылық білдірді. Оның айтуынша, күдікті ешкімді қинаған жоқ, керісінше белсенділік танытпағандардың нөмірін өшіріп, шығарып отырды.

“Мәсімов 18 жылға сотталды, үш жылға ғана көп. Ал Сатыбалды алты жыл ғана абақтыда отырады. Педофилдер мен адам өлтіргендер жыл, бір жарым жылға сотталады. Тағы да ескіше “әділеттілік”, – деп жазды Итқұлов. 

Кәрім Мәсімов Мемлекетке опасыздық жасау, ҚР-да билікті күшпен басып алу және билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бойынша 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

Қайрат Сатыбалды “Қазақтелеком” АҚ-ның аса ірі көлемдегі қаржысын жымқыру және қызметін асыра пайдалану фактісі бойынша кінәлі деп танылды.

Сырым Итқұлов ұлт көшбасшысының інісінің тоқалы еш қысылмастан сұхбат беріп, соны мақтан етіп жүргенін және бұрынғы президенттің бауыры жазасыз қалғанын айтып, қынжылды. 

“Тіпті мефедрон үшін десек те,  онда Болат Назарбаев пен оның серіктестері өмір бойына сотталуы керек еді ғой”, – деді ол.

Жемқорлық болған кезде екі тарап та жазаланады, ал бұл жерде неге олай емес?!

Қоғам белсендісі, қоғамдық қор қызметкері Ғалия Бачарова тек ұйымдастырушы болған қызды емес, сол қызметке келіскен қыздар мен клиенттердің барлығын жазалауды талап етті. Оның айтуынша, күдіктіні соттаса да, басқа қыздар бұл істерін жалғастыра береді, ал қызметті пайдаланып жүрген ер адамдар бұдан ешқандай сабақ алмайды.

“Қаншама адамның өліміне себепші болып, Отанын сатқан адам бұл қыздан бір-екі жылға ғана көп жазаланады. Жемқорлық болған кезде екі тарап та жазаланады, ал бұл жерде неге олай емес?! 15 жыл түрмеде отырған адамның өмірі 100%-ға бұзылады, ал оның ұлы бар. Мен оның ісін ақтамаймын, бірақ адамгершілік танытса болар еді. 3-5 жыл бас бостандығынан айырып, әрі қарай оңалту орталығында психологиялық қолдау көрсетілсін”, – деді Бачарова.

“Бұл – адам және есірткі саудасы”

Қоғам белсендісі, заңгер Ақбөпе Әбілқасымова жоғарыдағы пікірлерге қарсы шығып, керісінше өмір бақи абақтыда отыруға лайық екенін айтты.

“Ол қыздарды, есірткіні сатты. Бәрі келісіммен болды, ешкімді бопсаламады деп ойлайсыз ба? Ешкімде материалдар жоқ қой. Топқа кіру 300 доллар болғанымен, одан шығу қанша екен? Қанша қызды есірткіге тәуелді етті? Қанша мефедрон сатқан. Бұл – адам және есірткі саудасы”, – деді Әбілқасымова.

“Бұл жазаға лайық! Осылайша, жас ұрпағымызды мыстан-эскортшылардан,  есірткіден шамалы болса да, сақтай аламыз!”, – деп жазды тағы бір желі қолданушысы.

“Шенділердің біреуі өшіккен шығар”, “Обалы жоқ, өзіне сол керек”, “Қызмет көрсеткендер емес, сұраныс тудырғандармен күресу керек”, “Күресетін адамдарды тапқан екен”, “Ақшаны жоғарыдағылармен бөліспей қойған болар”, “Мефедронды біреу салып жіберген сияқты” деп жарыса жазды желідегілер.

Ішкі істер министрлігі қазіргі таңда екі бап бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын және жазаны сот тағайындайтынын мәлімдеді. Алайда басқа мәліметтерді жариялаудан бас тартты.

Жеңгетайлықпен күдікке ілінген қызға қатысты қылмыстық кодекстің 309-бабы “Жезөкшелікпен айналысуға притондар ұйымдастыру және жеңгетайлық” және 297-бабы “Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау”  бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. 

Елімізде ҚК 309-бап бойынша мүлік тәркiленiп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал 297-бап бойынша бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.

Талқылау