Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құны 180 мың теңге: Елімізде алабай итінің ұрығын сататындар көбейген

2018 ит жылының қарсаңында Түркіменстан астанасы – Ашхабад қаласында алабай тұқымды итке арнап ескерткіш орнатылды. Онда алабай ит түркіменнің ұлттық киімдері – ала шапан мен қой жүнінен тігілген бас киімде, екі қолына Түркіменстан байрағы мен Азия олимпиадалық Кеңесінің жалауын ұстап тұрған күйде бейнеленген.

Алабай дене тұрқының ірілігі жөнінен әлемдегі ит тұқымдарының ішінде 8-ші орынды алады. Олардың басы салмақты, азуы өткір, мойны күшті, терісі қалың әрі мығым болып келеді. Алабайлар бас­қа иттер сияқты қасқырдан қорқу дегенді білмейді. Өте жаужүрек, әсіресе өз жерін ешкімге басқызбайды. Өз иесіне адал, оны қорғау үшін ештеңеден де та­йынбайды. Ол ешқашан өзгенің қолынан азық алмайды. Алабайды өз еркінен тыс бір нәрсеге зорлап мәжбүрлеу мүмкін емес. Ол тек иесінің айтқанын ғана істейді, деп жазады Замана.

Алабай ежелгі көші-қон, жаулап алулар, бертіндегі аралас-құраластықтар арқылы көрші елдерге, алыс шетелдерге дейін таралған. Сондықтан да ол бүгінде әлемнің барлық аумағында дерлік кездеседі. Бүгінде ТМД елдерінде, Таяу Шығыста, Азия мен Еуропаның көптеген елдерінде, тіпті АҚШ-та да оны арнайы өсіретін питомниктер бар. Жекелеп өсіріп, күшігін сататындарды көптеген елдерден жолықтыруға болады. Мұндай іспен айналысатындар біздің елде де көп.

Құны қанша тұрады?

Жалпы, алабай тұқымды итті түркімендер біздікі дегенмен оған таласатындар бар. Халықаралық тілде оны «Орта Азия овчаркасы» деп атайды. Оны кезінде Өзбекстанда да, Қазақстанда да, жалпы, Орта Азия елдерінің бәрінде дерлік өсірген. Мысалы, Қазақстанда ол «бөрібасар», «қазақы ит» деген аттармен таныс. Дегенмен «алабай» аты көбірек қолданылады.

Бүгінде алабай итке қатысты жарнамаларды өз еліміздегі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі­лер­ден ұшырастыруға болады. Солардың бірқа­тарынан біз мынадай жарнамаларды көрдік:

«Жаңа жылға сыйлық – алабай күшіктері! 25 мың теңге»,  «Алабай күшіктері. 30 мың теңге», «Алабайдың «қызын» жақсы күтетін қолға тегін беремін», «Таза қанды алабай.  35 мың теңге», «Орта Азия овчаркасы, қаншық. 150 мың теңге», «Орта Азия овчаркасының күшіктері. 5 мың теңге», «Таңдаулы алабай күшіктері. 40 мың теңге», «Орта Азия овчаркасы – алабай, қаншық, 1 жаста. 25 мың теңге», «Ханум Байрам» питомнигінен алабай күшіктері. 12 мың теңге», «Алабай қаншығы, 3 жаста, екі мәрте туған. 40 мың теңге», «Алабай, 2 жаста. 80 мың теңге», «Орта Азия овчаркасының «қыздары». 25 мың теңге», «Таңдаулы күшіктер. 160 мың теңге», «Алабай «қызы», 3 айлық, тектік құжаттары бар. 45 мың теңге», «1 жастан 4 ай ас­қан алабай, төбет. 180 мың теңге».

«Ұрық бағасы» 1 теңгеден басталады

Алабай тұқымды ит өсірушілер арасында оның өзі мен күшіктерін сататындардан басқа, төбетіне қаншық немесе қаншығына төбет іздейтіндер де бар екен. Оған қатысты жарнамалардан мынадай деректер көрдік:

«Шағылыстыру үшін. Төбет. Құжаттары бар. 30 мың теңге», «Таза қанды төбет «дос қыз» іздейді. 100 теңге», «Қызға» төбет керек. Айырбас». (Яғни бұл жерде кейін туылатын күшіктерден біреуі тегін беріледі деген ишара бар), «Төбет. Тегін», «Орта­азиялық овчаркадан «жігіт» іздейміз. 500 теңге», «Алабай «дос қыз» іздейді. 1 теңге», «Алабай. Шағылыстыру үшін. 100 теңге», «Алабай. Төбет. Тектік құжаттары, екпе салдырғаны жайында анықтамалары бар. 10 теңге».

Бойы тайыншадай болыпты, салмағы 125 килодан асыпты

Алабай тұқымдас иттерді стандарттау мәселесі 1990-жылдардан басталып, 2010-жылы аяқталыпты. Ол бойынша жақсы жетілген иттің дене тұрқы мынадай болуы тиіс деп қабылданған: қаншығының бойы 62 – 65 сантиметр, төбетінікі 65 – 70 сантиметр аралығында, салмақтары 40 пен 80 килоның аралығында.

Дегенмен алабайлардың бойы мен салмағы бұл көрсеткіштен асқандары да бар. Мысалы, Ресейдің Ставрополь өлкесінде тұратын Александр Худяков деген азаматтың Бульдозер атты итінің салмағы 125 килоға дейін, артқы аяғына тұрғанда бойы 2 метрге дейін жеткен екен.

Бульдозер 3 жасында-ақ ит төбелесінен ел чемпионы болған. Талай республикалық, халықаралық жарыстар­ға қатысып, үйін грамоталар мен медальдар­ға толтырыпты.

Осы Бульдозерден жүздеген ұрпақ өрбіпті, олардың көбі түрлі ит көрмеле­рінің жеңімпаздары бол­ған, ит төбелесіне қатысып, жүлдегер атанғандары да аз емес екен.

…Міне, алабай тұқымды иттердің өмір тарихы мен қазіргі жай-күйі осындай екен. Талай замандарды бастан өткеріп, қазіргі күндерге аман жеткен, бүгінде атағы әлемді шарлап жүрген бұл ит тұқымының өміршеңдігіне қалай таңқалмассыз?

Тағы да оқыңыз:

Шиедей ерні-шубами как вишня: Журналист Баянның фильміндегі қате сөздерді тізіп берді

Зейнетақы қорындағы ақшаны үш жағдайда алуға болады

Алматы облысында балаларының өлі не тірі екенін білмеген аналар зар жылауда

Талқылау