Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкемнің алып берген үй мен көлігін есірткі құртты": Жеңіл жолмен ақша тапқысы келген жасөспірімдер өз оқиғаларын бөлісті

Фото: Видеодан скриншот

Есірткі тасымалдап, жеңіл жолмен ақша тауып, істі болған жасөспірімдер бастан кешкен оқиғаларын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Airan.media YouTube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиғаларын бөліскен жасөспірімдердің аты толықтай өзгертілген. 

“Мен өте дәулетті отбасында тудым. Керемет үй, қымбат көлік міндім. Біз үйде 4 баламыз. Төртеуімізге де әкем көлік алып берді. Көлік жүргізуші куәлігін де сатып алды. Ішімдік ішуді 14 жасымнан бастадым. Ащы су маған түрлі көңіл-күй, ұмытылмайтын эмоция сыйлады. 7 жыл бір жігітпен жүрдім. Екеуміз бірге 7 жыл тұрдық. Баламның әкесі сол кісі. Ол маған есірткі тұтынуды үйретті. Одан алған әсерімді айтып жеткізе алмаймын. Өзімді жеңіл сезіндім”, – деп бастады әңгімесін Диана. 

Бейтаныс келіншектің сөзінше, 8 айлық жүкті кезде есірткі тасымалдауға қатысты ұсыныс түскен. 

“Бір күні есірткі тасымалдаушы болуға ұсыныс түсті. Бәрі содан басталды. Мен тек таситынымды ешкімге айтпауым керек. Ерлі-зайыпты маған жұмысты түсіндірді. Әлеуметтік желі арқылы дүкендермен байланыс орнаттық. Мен ештеңеден қорықпадым. Өйткені қылмыс жасап жүргенімді білмедім. Одан кейін бізге доза қабылдау үшін ақша керек. Қалай тәуелді болып қалғанымды білмей қалдым. Ол біздің әр күнімізге ауадай қажет еді. Ақша да күн сайын келіп жатты. Өзімізде түк қалмады. Сол үшін біз жұмыстан қол үзбеуіміз керек еді”, – дейді кейіпкері.

Сөзінше, көп ұзамай полицияның қолына түсіп, анасының көмегімен босатылған. Тіпті, сол уақытта жүкті болып та үлгерген.

“Сондай күндердің бірінде полицияға ұсталып қалдым. Басшыларыма хабарласып, жағдайды түсіндіріңдер десем, олар тұтқаны көтермеді. Анама хабарластым, 500 мың теңге сұрадым. Олар да ондай ақшаны тауып бере алмады. Өйткені полиция сұраған ақшасын берсем, мені босатады. Олардың көлігінде 3 сағатқа жуық отырдым. Бір кезде 50 мың теңгені анам жіберді. Ол кезде менің аяғым ауыр еді. Полициялар соны көріп тұрғасын, қатты қинаған жоқ”, – деді Диана есімді келіншек. 

Одан кейін Владимир есімді жігіт басынан кешкен оқиғасын айтып берді. Сөзінше, бір жерден екінші жерге тапсырысты апарып беру ең оңай жұмыс болып көрінген. 

“Бәріміз білетіндей 15-16 жас өтпелі кезең саналады. Сол кезде өмірден өз орнымды тапқым келді. Қоғамнан орта қалыптастырғым келді. 15 жасымда қатты қайғырдым. Өйткені сол жылы әкем өмірден өтті. Кісі қолынан қаза тапты. Менің қолымның сұғанақтығы бар еді. Айналамдағы дүниелерді ұрлай бастадым. Менде бәрі керемет болды, бірақ бірнәрсе жетпей тұрды. Жұмыс істедім. Даяшы болып та көрдім. Бірақ жеңіл жолмен ақша тапқым келді”, – деді бейтаныс бозбала.

Айтуынша, есірткі тасымалдауды білгенімен арты қылмысқа әкеп соғатынынан хабарсыз болған. 

Жасөспірім шақта алғаш рет үстімнен іс қозғалды. 8-бап, 3-тармағына сәйкес, ұрлық бойынша істі болдым. Одан кейін 2-3 рет есірткі тасымалдаушы болып жұмыс істедім. Тапсырысты айтылған мекенжайға жеткізіп бердім. Сен есірткі тасымалдап қана жүрсің. Ол сен нашақорсың дегенді білдірмейді ғой. Бірақ қоғам солай түсінеді. Басында қатты қорықтым. Қазір ойласам, мен өзімнің өміріме қанағаттанбағанмын. Табысым да көңілімнен шықпады. Одан көп ақша тапқым келді. Есірткі тасымалдауды ең оңай жұмыс көрдім. Шынында, басыңды қатерге тігетін іс екеніне көзім жетті”, – деді Владимир.

Ал Қанат есімді кейіпкер есірткі сатып алу үшін әкесі мен әжесінен талай ақша ұрлағанын жасырмады.

“15 жасымда өзімнен үлкен жігіттермен араласа бастадым. Біздің районымыздың системасы сондай еді. Алдымен дәмін татып көресің. Сосын ақырындап үйренесің, кейін тәуелді болып қалғаныңды сезбейсің. Араласатын достарымның бәрі шегетін, мен де соларға еріп кеттім. Басында маған ұнаған жоқ. Күн сайын тұтынатын болғасын үйреніп кеттім. Әкем мен әжем жиі ақша беретін. Кейде өзім олардан ұрлап алып жүрдім. Бірақ екеуі де неге жарататынымды сұрамайтын. Әкем сұрап қалған жағдайда “Достарыммен қыдырамын” деймін. Сыныптастармен жиналамыз деп өтірік те айтқанмын. Әкем маған қатты сенді. Екеуміздің қарым-қатынасымызда құпия жоқ еді. Банк карталарының құпия сөзіне дейін білемін. 14 жасымнан бері жұмыс істедім. Даяшы болдым, кейін демалыс орындарында қызметкер болдым. Ол жақтағы тапқан ақшам ештеңеге жетпеді”, – деді Қанат.

Әкесінің қарауынсыз қалған бала жеңіл жолмен ақша табудың жолына түседі. Есірткіні тастаймын деген уәдесі бір аптаға ғана жеткен көрінеді. 

“16 жасымда есірткі тасымалдаумен айналыстым. Әкем ол кезде вахтада жұмыс істейтін. Екі апта жұмыста, екі апта үйде болатын. Ол жұмысқа кеткенде мен үйде жалғыз қаламын. Өз қалауымша өмір сүремін. Бір күні органның адамдарына ұсталып қалғанда әкеме шындықты айттым. Мені үш рет “құтқарып” қалды. Содан кейін мен бәрін тастаймын деп өзіме уәде еттім. Алайда бір апта ғана шыдадым. Ол әлем сені тартып тұрады. Бірден бас тарту мүмкін емес екенін түсіндім”, – деді Қанат.

Сондай-ақ жасөспірімдер не себепті есірткі тасымалдаудан бас тарта алмайтынын эксперт-маман айтып берді. 

“Алматы қалалық сотында 16 жастағы баламен сөйлесіп қалдым. Ол есірткі тасымалдаумен айналысып, кейін бас тартқанда оны бопсалаған. Анасының фотосын жіберіп, ойын алаңында ойнап жүрген бауырының видоесын жіберіп ескерту жасаған. “Егер сен жұмысты әрі қарай жалғастырмасаң, біз оларды масқаралаймыз, зиянымызды тигіземіз” деп жазған. Осындай жағдай өте көп кездеседі. Бір жағынан бала ата-анасына олар туралы айтпайды. Негізі, есірткі тасымалдайтын балалардың 90 пайызы бір айға жетпей ұсталып қалады. 14 жастағы бала түрмеге отырмайды деп көп адам ойлайды. Ол – қате пікір. Бүгінде Алматы қаласы бейнебақылау камераларымен толық жабдықталған. Орган өкілдеріне табу қиын емес”, – дейді Жанна Нұрсейтова. 

Бағдарлама мәліметінше, бүгінде 5 миллионға жуық адам тұрақты табысы бар жұмыс таппай жүрген көрінеді. Ал 3500-ге жуық жасөспірім есірткі тасымалдағаны үшін жазаларын өтеп, бастандыққа шықпақ. 

STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 16:58
Талқылау