Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күндіз мал бағып, түнде намаз оқуға мәжбүрлеген": Жамбыл облысында құлдықта болған балаларға қатысты тың деректер пайда болды

Фото: polisia.kz

Жамбыл облысында құлдықта болған балаларға қатысты тың деректер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Halyqstan Telegram арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Балалардың туысы Жанерке Нұрмұханбеттің айтуынша, балаларды жүйелі түрде өгей әкелері ұрып-соғып, қорлаған. Ер адам оларды күндіз мал бағып, түнде намаз оқуға мәжбүрлеген. Өзі болса жұмыс істемеген.

“Мен мамыр айынан бері балалармен сөйлесіп жүрдім. Біраздан кейін әпкемнің үлкен ұлы менен “сізге сенуге бола ма” деп сұрады. Мен, әрине, дедім. Сонда ол жылап, егер мен оларды алып кетпесем, өздерін өлтіретіндерін айтты. Ал 5 тамызда маған белгісіз номерден телефон соғып, өзін көрші ферманың шопаны деп таныстырған ер адам "Сендердің жүрегің жоқ па?" деді. Балалар өте нашар жағдайда, оларды алып кету керек деді”, – дейді Жанерке Нұрмұханбет.

Ол балалардың да жылағанын, оны шақырып, алып кетуді өтінгенін айтты. Сондықтан келесі күні таңертең фермаға барып, балаларды Талғарға алып кеткен. Сол жерге балалардың Нарынқолда тұратын әкесін шақырған. Әкесі келгеннен кейін балаларды медициналық тексеруден өткізіп, полицияға зорлық-зомбылық туралы арыз берген.

Балалардың анасы Назерке Нұрмұханбетова туралы нақты ақпарат жоқ. 

Тек әйелдің балалардың қарауын бірінші күйеуіне, яғни балалардың әкесіне тапсыруға дайын екенін айтқаны белгілі. 

Балалардың бірі мектепке мүлдем бармайтынын айтады. Өгей әкесі оларды жиі мектептен алып, фермаға мал бағуға жіберген. Алдымен қой, кейін ірі қара малға салған.

Мектептің де балаларды іздемегені және бұл туралы уәкілетті органдарға хабарламағаны таңқаларлық.

Отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған облыстық әлеуметтік көмек орталығының директоры Айдана Биғабылова полиция арқылы екі баланың туысымен бірге орталыққа жеткізілгенін мәлімдеді. Балалардың ресми өкілі ретінде анасы танылғанымен, тергеу іс-шаралары әкесі қатысуымен жүргізілуде.

“Оларға бөлек бөлме бөлініп, ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Балаларға бел ауыруы мен бас ауруы туралы шағымдарымен екі рет жедел жәрдем шақырылды. Бірақ ауруханаға жатқызу қажет емес. Қазір олар тәулік бойы орталықтың психологтарының бақылауында”, – деді Биғабылова.

Оқиғаға қатысты облыс әкімі Ербол Қарашүкеев әрекет етіп, орынбасары Серік Сәлемов бастаған арнайы комиссияны ауданға жіберіп, барлық мән-жайды анықтауды тапсырды. Десе де, осы күнге дейін комиссия ресми мәлімдеме жасамады. 

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында өгей әке балаларды құлдықта ұстап, мал баққызғаны туралы жазған едік. Кейінірек полиция күдікті өгей әкенің ұсталғанын мәлімдеді.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 11 Тамыз, 2025 21:29
Талқылау
`