"Күн сайын екі келіншек жатыр мойны қатерлі ісігінен көз жұмады": Ләйлә Сұлтанқызы қыз-келіншектердің денсаулығына алаңдайтынын жеткізді
Танымал журналист, продюсер Ләйлә Сұлтанқызы қыз-келіншектерге денсаулықтарына күтім жасауға үндеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/sultankyzy/
БАҚ өкілі жас қыздарда да қатерлі ісік кездесетінін айтып, аналарымен жиі сырласуға кеңес берді.
"Оңтүстікте 11 жастан асқан қыздар көп. Аналары, жақындаңыздар! Маңызды ақпарат. АПВ-ВПЧ екпесі туралы айтамын. Қазір күніне 25-44 жас аралығындағы екі келіншек жатыр мойны қатерлі ісігенен көз жұмады. Ол дертті гинекологиялық жақтан сұйықтық тапсыру арқылы анықтайды. Ішіндегі 16, 18 тип дегені өте қауіпті. Бір жаманы, үш сатыға дейін бұл сырқат сыр бермейді екен", – деп журналист дабыл қақты.
Айтуынша, ауыр дерттің алдын алудың бір ғана жолы – екпе салу екен. Сонда да ғана әйел бұл сырқаттан жеңіл өтетін көрінеді.
“Әлемнің 150-ге жуық елдерінде бұл баяғыда міндеттелген екпелер қатарында. Тіпті жатыр мойны обырын толығымен жеңген елдер де бар. Статистика солай дейді. ВПЧ туралы қорқынышты ақпаратты естіген сайын барлығын сіздермен бөліскім келеді. Құрметті қыз-келіншектер! Біз өте сауатты болуымыз керек. Біз бала-шағамыздың денсаулығына жауаптымыз. Мұнда ауырғанша ауырмайтын жол ізде деп жатырмын", – деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Еске салайық, Денсаулық сақтау министрлігі оқушы қыздарды папилломавирусына қарсы егуге қандай вакцина қолданылатынын анықтады. Сондай-ақ олар америкалық препараттың мүлдем зиянсыз екенін айтты.