Қуаңшылыққа байланысты Маңғыстау өңіріне бөлінген 204 миллион теңге әлі игерілмей жатыр
Маңғыстау облысындағы қуаңшылыққа байланысты облыстық бюджеттен жем-шөп алуға бөлінген 204 миллион теңге әлі толық игерілген жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылық басқармасындағылар оның 54 миллионына жем әкеліп сатып, түскен қаржыны қайта айналымға салдық дейді. Ал қалған 150 миллион теңгеге шілденің соңына дейін шөп жеткіземіз деп сендірді шенеуніктер.
Сол қаражатқа алынатын бір түк шөпті шаруаларға 15 мың теңгеден сату жоспарланып отыр. Ал өткен сейсенбіде ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларды қолдауға 1 миллиард 900 миллион теңге бөлінетінін жеткізген. Қаражат апта соңында облыс бюджетіне түсуі тиіс еді. Алайда қаржы Маңғыстауға әлі жете қоймапты.
“Республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард 900 миллион теңге шілденің соңында облыс бюджетіне түседі. Ол қаражат арнайы базаға тіркелген мал басына беріледі. Бұл ақша жем-шөп алу үшін үкіметтен шаруаларға беріліп жатқан көмек”, – дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.