Қазақстан темір жолының еншілес ұйымында директор 50 мың долларға басшылық қызметті сатқан
10 қыркүйек күні "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ – "ҚТЖ – Жүк тасымалы" ЖШС еншілес ұйымында "Отын ресурстары орталығы" филиалының басшылығына қатысты іс бойынша ұсыныс қаралды. Іс-шараға агенттіктің сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы К.Т. Сүлейменов, "ҚТЖ – Жүк тасымалы" ЖШС және "Отын ресурстары орталығы" филиалының басшылығы мен қызметкерлері қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Ұсыныс қылмыстық құқық бұзушылық жасауға және басқа да заң бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған.
“ОРО филиалының батыс бөлімшесінің бұрынғы директоры алдау және сенімге қиянат жасау арқылы жанар-жағармай базаларының бірінің басшысынан оны осы қызметке бекіткені үшін 50 мың доллар алған. Сонымен қатар мамандардың қатысуымен жанармай қоймаларын тексеру барысында сақтауға келіп түсетін және жіберілетін жанар-жағармайды дұрыс есепке алуды қамтамасыз ету бойынша көптеген бұзушылықтар мен олқылықтар анықталды”, – деп жазды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігі.
"ҚТЖ – "Жүк тасымалы" ЖШС-не сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін және жанар-жағармай ұрлауын жою бойынша кешенді шаралар қабылдау ұсынды. Атап айтқанда, отын қоймаларында ЖЖМ қабылдау, босату және сақтау процестерін цифрландыруды енгізу, сондай-ақ конкурс өткізу арқылы ОРО филиалының басшы лауазымдарына тағайындау.
Ұсынысты қарау шеңберінде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымын болдырмау, тауар-материалдық құндылықтарды жымқыру мақсатында бақылау есепке алу аспаптарын, өлшеу аспаптарын (таразыларды), қазіргі заманғы бейнебақылау жүйелерін сатып алу және орнату жөніндегі бағдарламалар бекітілді.
Сондай-ақ анықталған бұзушылықтар үшін жабдықтар жөніндегі қаржы директоры және ОРО филиалының Шығыс дивизионының бұрынғы бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов ҚТЖ тарифі көтерілетіні туралы айтқан еді.