Кремлёв Иман Хелифтің Олимпиададағы алтын жүлдесін қайтаруды талап етті

Халықаралық бокс қауымдастығының (IBA) президенті Умар Кремлёв Халықаралық олимпиада комитетіне (ХОК) жүгініп, Парижде өткен 2024 жылғы Олимпиада ойындарында алтын жүлде иеленген алжирлік боксшы Иман Хелифті марапаттан айыруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kursiv.media порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, жүргізілген генетикалық тесттер спортшыда XY-хромосомалары бар екенін көрсеткен, бұл әйелдер арасындағы жарыс талаптарына қайшы келеді.
"ХОК спорттағы әділдік үшін күреспейді. Олар медальдарды саяси мүдделерге сүйеніп таратады. Бұл жүлде қайтарылуы керек", – деді Кремлёв, оның бұл сөзін Daily Mail басылымы келтіреді.
Умар Кремлёвтің бұл ұстанымын әйгілі теннисші, ЛГБТ-құқық қорғаушысы Мартина Навратилова қолдап, X (бұрынғы Twitter) желісіндегі парақшасында: "Бізді сөккен адамдардан кешірім сұрауларын асыға күтемін", – деп жазды.
Еске салайық, 2022 жылғы әлем чемпионатынан кейін IBA спортшыға қатысты күмән тудырған жайттарды анықтап, гендерлік тексерулер жүргізуді бастады. Екі түрлі тест нәтижесінде Хелифтің XY-хромосомалары бары расталып, ол жарыстан шеттетілген. Бұл жағдай туралы ХОК-қа хабар жіберілген.
Соған қарамастан, ХОК Хелифті Олимпиадаға қатысуға жіберді. Нәтижесінде, спортшы 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын жүлдеге ие болды. ХОК өкілдері шешімді ресми құжаттарға – яғни, төлқұжаттағы жыныс белгісіне сүйеніп қабылдағандарын, ал IBA-ның тест нәтижелерін негізсіз деп есептейтіндерін мәлімдеді.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды

