Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кремльде Тоқаев пен Путиннің бейресми кездесуі басталды

Кремльде Тоқаев пен Путиннің бейресми кездесуі басталды

Фото: Ақорда

Кремльде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің бейресми кездесуі басталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.  Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді. 

Тоқаев өзі көрсетілген сый-құрмет үшін Путинге алғыс айтып, бірқатар маңызды мәселелердің талқыланатынын алға тартты.

“Құрметті Владимир Владимирович, ең алдымен, Мәскеуге, осынау қасиетті жерге табаным тиген сәттен бастап көрсетілген ерекше сый-құрмет үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Жаңа ғана протокол аспектілері жөнінде айтылды. Шын мәнінде, Ресей астанасындағы ыстық ықылас мені қатты таңғалдырды әрі қуантты. Екіжақты ынтымақтастық стратегиялық серіктестік, одақтастық қатынастар сипатына ие. Барлық бағытта бірлесе жұмыс атқарып келеміз. Мемлекеттеріміз арасында ешқандай түйткіл жоқ. Мәселе туындаған күннің өзінде президенттер мен үкіметтер басшыларының күш-жігері арқасында оң шешімін табады. Сіздің шақыруыңызды зор ықыласпен қабыл алдым. Расында, бүгін бейресми жағдайда пікір алмасамыз. Менің өзіңізбен талқылағым келетін біраз пікір-пайымым бар”, – деді Тоқаев.

Путин де Тоқаевқа алғыс айтып, екі жақты қарым-қатынасты күшейтетін шешімдер қабылданатынын жеткізді.

“Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, ең алдымен, Сізге уақыт тауып, келіскеніміздей, мемлекеттік сапармен келгеніңіз үшін алғыс айтамын. Бұған шын жүректен қуаныштымын. Әрине, біз ұдайы байланыстамыз. Алайда мемлекетаралық қатынастарда мұндай протоколдық дүниелер де маңызды. Бүгін бейресми жағдайда кездесіп, барлық өзекті мәселе бойынша әңгімелесеміз. Ал ертең әріптестермен бірге екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін қарастырамыз және перспективті бағыттарға назар аударамыз. Жалпы алғанда, біз осы жылды өте жақсы нәтижелермен аяқтаймыз, сондай-ақ таяу келешекке арналған жоспарды орындаймыз деп ойлаймын”, – деді Путин.

Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.

Внуково-2 әуежайында Тоқаевтың келуіне орай Мәскеу гарнизонының құрмет қарауылы мен әскери үрмелі оркестрі сап түзеген.

“Мемлекет басшысын Ресей Федерациясы Үкіметі Төрағасының бірінші орынбасары Денис Мантуров пен басқа да ресми тұлғалар қарсы алды. Екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды”, – делінген Ақорданың хабарламасында. 

Артынша Тоқаев Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенттерімен әңгімелесті.

Қазақстан президентінің сапары барысында Мәскеу көшелерінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың суреттері ілінді.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 22:29
Талқылау