Кремль Ресейдің Зеленскиймен Түркияда өтетін келіссөздерге қатысатынын жоққа шығарды

Ресей өкілдері ертең, 19 қарашада Түркияда өтеді деп жоспарланған келіссөзге қатыспайды. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Түркияда ертең келіссөздер өтетінін айтқан еді. Reuters агенттігі дереккөзге сілтеме жасап, келіссөздерге АҚШ президентінің арнайы елшісі Стив Уиткофф қатысады деп хабарлаған. "Әзірге бұл байланыстар Ресейдің қатысуынсыз өтіп жатыр. Ыстамбұлда не жөнінде әңгіме болатыны туралы ақпаратты күтеміз", – деді Песков.
Песковтың айтуынша, келіссөздерден кейін Ресей президенті Владимир Путиннің Уиткоффпен немесе түрік тарапымен байланысқа шығуы әзірге жоспарланып отырған жоқ. "Нақты жоспарлар жоқ, бірақ егер біреу Ресейді ақпараттандыруды қажет деп тапса, әрине, президент Путин бұған қарсы емес", – деді ол.
Ресей Украинадан келіссөздерді бастауға дайындық жөнінде қандай да бір хабарлама алды ма деген сұраққа Песков "Жоқ, әзірге Киевтен ешқандай ақпарат алған жоқпыз" деп жауап берді. "Ресей келіссөз процесіне ашық болып қала береді. Біздің ұстанымымызды Вашингтонда да, Ыстамбұлда да, Киевте де жақсы белгілі", – деді ол.
Украина президентінің айтуынша, ол Түркияға келіссөздерді "жандандыру" үшін, серіктестерге "әзірленген шешімдерді" ұсыну үшін, сондай-ақ "соғыс тұтқындарын айырбастауды және қайтаруды қайта бастау" үшін барады.
Зеленскийдің сапарынан бір апта бұрын Украина Қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров Ыстамбулға барған еді. Кейін ол Түркия мен БАӘ-нің қатысуымен тараптар "ыстамбұлдық келісімдерді жандандыруға келіскенін" айтты. Оның айтуынша, әңгіме 1,2 мың украиналықты айырбастау туралы болып отыр.
Ресей мен Украина делегациялары соңғы рет 23 шілдеде Ыстамбұлда кездескен. Бұл үш жылдық үзілістен кейінгі үшінші келіссөз болды. Ресей де, Украина да байланысты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеген. Алайда Мәскеу Украинаны "саяси-дипломатиялық жолмен әрекет етуге құлықсыз" деп айыптаса, Киев Ресей тарапынан "ешқандай қадам" көрмей отырғанын айтады.
Айта кетейік, бұған дейін Ыстамбұлда Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі өткен еді.
Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қалай өзгереді?