Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Кредит алмай, ипотекаға батпай": Қазақстандық журналист екі аптада үй тұрғызып алды

Қазақстандық журналист Гүлвира Биғалиева несие алмай, ипотекаға батпай, 2 аптада бес бөлмелі үй тұрғызып алды. Бұл туралы журналист Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Фото: Facebook/Гүлвира Биғалиева парақшасынан

Айтуынша, суреттегі үйді оған Өзбекстаннан келген жұмысшылар салып берген. 

"Қыркүйектің 11 күні газоблоктан үйдің қабырғасын қалауды бастаған өзекемдер қыркүйектің 25 күні яғни тура 14 күнде мына үйдің шатырын жауып, полының стяжкасын құйып, баспалдағын жасап бірақ тапсырды.

Басында үш өзбек жігіті бастаған еді, соңынан басқа құрылыстан босаған тағы үш жігіт келіп, 6-уы тездетіп бітіріп тастады. Мен биыл үй салам деген ойым болғанымен жаз бойы құрылысшылар мен газоблок таба алмай, бәрін тоқтатқан едім. Жалақыдан тығып-мығып жинаған ақшам тек фундамент құйып, септигін қазып, туалет орнатуға жетті. Ал төбесін жабатын ағаш-пағаш, шатырларын былтыр қыста алып қойған едім. Сөйтіп, жаз бойы күзге дейін талмай еңбек еткенім сонша, өзбектердің еңбекақыларын төлейтін ақыны таптым.



Автоклавты таза газоблокты туған бауырым алып берді. Осылайша апыл-ғұпыл күзде басталған құрылыс тез әрі сапалы аяқталды", – деп жазды журналист. 

Гүлвира құрылыспен бірге, тамақтарын өздері істеп ішкен өзбектердің еңбекқорлығына тәнті болды. Ол әйел болғанына қарамастан, бес бөлмелі үйді қиындықсыз салғанын атап өтті.

"Қазір бір үй тұрғызу үшін қанша кірпіш, қанша ағаш, қанша цемент, шеге кететіне дейін жаттап алдым. Мен үшін ешбір қарызсыз, кредит алмай таза өз жиған жалақыммен бес бөлмелі кең үй салу аса қиындық тудырмады. Ең бастысы 2 жылдық карантин де өз нәтижесін берді. Жыртыңдап тойға бармадық, жырғалып шетел араламадық және киім-кешек анау-мынау алу үшін базар магазиннің бәрі жабық болды", – дейді журналист.

Бір қызығы, Биғалиева зейнетақы қорында жиналған заңды ақшасын ала алмаған. 

"Ал зейнетақы қорындағы жиналып тұрған ақшамызды алайық десек, үкіметтің үй салу үшін арнайы смета мен компанияны көрсетіп ақшаңды бірақ аласың деген есерсоқ заңы менің ішкі және сыртқы жөндеу жұмыстарымды жүргізуге кедергісін келтіріп тұр. Салдарынан еңбекпен жинаған зейнетақы қорындағы шекті ақшамды ала алмадым. Бірақ мен оған бып демеймін. Тағы да еңбектеніп, ары қарай жалақыммен-ақ жөндеу жұмыстарын жүргізе беремін. 

Айтайын дегенім, жер алып, үй салудан еш қашпау керек. Ипотекалық кредитқа кіріп алып, өмір бойы қарызданып өткенше, қаланың шетінен арзандау болса да жер тауып, ептеп-септеп үй салып алған ыңғайлы. Есесіне қарызың жоқ еркін қазақ ретінде өмір сүресің. Алда-жалда жау шапса да, “бес соттық жерім үшін, елім үшін алға” деп атқа қонасың. Бүгін де қаланың іші ығы-жығы халыққа толы. Елдің бәрі қалаға қоныс аударған сайын, стройкомпаниялар үйдің бағасын қымбаттатып, елдің бәрін қарызға батырып жатыр. Бұл жақсы емес. Әр қазақ қарызсыз еркін өмір сүруі керек”, – деді журналист.

Сонымен қатар ол мұндай үйді тұрғызуға қанша қаражат кеткенін жасырмай айтты. Ол 4 соттық жер 3,6 млн теңгеге сатып алған. Ал үйдің құрылысына 3,5 млн теңге жұмсаған.

“Жалпы 7 млн теңгеден астам қаржы жұмсадым", – деді журналист.
 

Талқылау