Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әлеуметтік тұрғыдан мүлде қорғалмаған": Депутат журналист мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

Сенатта депутаттар журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Депутат Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалын премьер-министр Асқар Маминге жолдады.

"Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ", – деді депутат.

Оның айтуынша, ақпаратқа қолжетімділік саласында жеке реттеуді қажет ететін мәселелер баршылық.

"Кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген", – деді ол.

Ал Қазақстанда елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп жүрген 4-5 мыңнан астам журналиске еш жағдай жасалмаған. 

"Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті. АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны – 3-4 мың доллар шамасында ғана", – деді депутат.

Сондай-ақ ол Түркияда да журналистерге бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылғанын атап өтті. Ал Әзербайжанда БАҚ-ты мемлекеттік қолдау қоры жұмыс істейді. Бакуде журналистер үшін әрқайсысы 250 пәтерлік 9 қабатты екі үй салынып, пайдалануға берілген.

"Бізде мұндай жағдай арман ғана. Жас журналистер бала-шағасымен пәтер жағалап жүр. Көбісі елдегі тұрғын үй бағдарламаларына да қатыса алмайды. Әлеуметтік тұрғыдан мүлде қорғалмаған", – деп қапаланды Нұртөре Жүсіп.

Сенаторлар журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді деп санайды.

"Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын", – деді Нұртөре Жүсіп.

Талқылау