Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мемлекет қорғауына берілді
Үкімет қаулысымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мемлекет қорғауына берілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ақорда
Үкіметтің дерегіне сенсек, тиісті қаулыға елдің премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды. Түркістанда орналасқан Қожа Ахмет Йассауи кесенесі ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген тұңғыш қазақ жері. Ол ортағасырлық сәулет өнерінің бірегей ескерткіштеріне жатады.
"Нысанның қауіпсіздігін ішкі істер органдарының тиісті бөлімшелері қамтамасыз етеді", – делінген құжатта.
Бұдан бірнеше күн бұрын Түркістанды дамыту жұмыстары ЮНЕСКО-мен келісілетіні белгілі болды.
Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстанда "Рахман қайнары" шипажайы мемлекетке қайтарылғанын жаздық. Мемлекеттік мүлікті сату бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы "Рахман қайнары" санаториіне аукцион өткізілген еді. Бұған дейін кешен иесі алаяқтық жасады деп айыпталған "Бипэк авто" автохолдингіне тиесілі болған. “Азия Авто” АҚ және “Бипэк Авто Қазақстан” АҚ бақылаушы акционері болған Анатолий Балушкин халықаралық іздеуде жүр.