Қостанайлық психиатрды өлтірді деп айыпталған дәрігер бас дәрігерді де өлтіруге тапсырыс берген
Қостанайлық психиатр-дәрігер Рашида Сандыбаеваны өлтірді деп айыпталған дәрігер диспансердің бас дәрігерін де өлтіруге тапсырыс берген.
Қостанайлық психиатр-дәрігер Рашида Сандыбаеваны өлтірді деп айыпталған дәрігер диспансердің бас дәрігерін де өлтіруге тапсырыс берген, деп хабарлайды Астана арнасы.
Бүгін өткен алдын ала сот тыңдауында прокурор осылай деп мәлімдеді. Айыпталушы Зәуреш Изалдина бұл қылмысқа не үшін барған? Сот тыңдауындағы жаға ұстатарлық деректерді Заңғар Санай тыңдап келді.
Ақпан, наурыз, сәуір айларында бірінен соң бірі ұсталып, қамауға алынған айыпталушылар алдын-ала сот отырысына арнайы күзетпен жеткізілді. Алғашқы жиында жәбірленуші тарап пен адвокаттардың аты-жөні белгілі болды. Қорғаушылардың қатарында басты айыпталушы Зәуреш Изалдинаның әкесі Қуаныш Ақбаев та бар. Ол көп жылдар бойы медициналық қызметті бақылау комитетінде төрағалық қызметін атқарған танымал дәрігер. Айыптау қорытындысын оқыған прокурор Зәуреш Изалдина Рашида Сандыбаеваны ғана емес, психдиспансердің қазіргі бас дәрігері Бақытжан Қойшинді де өлтіруге тапсырыс бергенін мәлімдеді.
“Психиатриялық аурухананың бөлім меңгерушісі қызметін атқарып жүрген Изалдина 2017 жылы қаңтар айында емдеу мекемесінің бас дәрігері болғысы келеді. Арам пиығылын жүзеге асыру үшін, бас дәрігер Бақытжан Қойшиннің көзін құртпақ болады”, – дейді мемлекеттік айыптаушы Тимур Шектібаев.
Прокурор мәліметіне сүйенсек, қызметтік мансапты көздеген ақ халатты арам пиғылын жүзеге асыру үшін ауыр қылмысты диспансердің пациенті Гафаровқа жүктейді. Ол үшін 100 мың АҚШ долларын беруге уағдаласады. Ал Руслан Гафаров бұл іске таныстары Китебаев пен Ходатенконы тартқан. Бір мекемеде жұмыс істеген қос дәрігер Зәуреш пен марқұм Рашида көпке дейін тіл табыса алмаған көрінеді. Компромат жинаған әріптесінен кек қайтару үшін, бөлім меңгерушісі оның көзін жоюға бел буған деп айыпталып отыр. Прокурордың айтуынша, Зәуреш Изалдинаның былығы мұнымен бітпейді.
“Бөлім меңгерушісі қызметін атқарған Изалдина 2007 жылы 15 қаңтар күні емделуге келген науқас Волковты арбауына түсіріп, оның Чехов көшесі 106-үйдегі пәтерін заңсыз иемденіп алғаны үшін айыпталып отыр”, – дейді мемлекеттік айыптаушы Тимур Шектібаев.
Айыптау актісіне сәйкес, Изалдина, Гафаров, Ходатенко, Китебаев «Ірі көлемдегі алаяқтық», «Тұрғын үйге заңсыз кіріп, алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемде ұрлық жасауды ұйымдастыру», «Алдын ала сөз байласу арқылы тұлғалар тобымен екі және одан да көп адамды өлтіруді ұйымдастыру», «Алдын ала сөз байласу арқылы кісі өлімін ұйымдастыру» секілді бірнеше ауыр бап бойынша айыпталып отыр.
Ұйымдасқан топты ұрлық жасауға Зәуреш Изалдина итермелеп отырған. Тіпті, ол жақын таныстарының дүние-мүлкін, қомақты қаражатын тонауға нұсқау берген. Алдына-ала сот барысында айыпталушылардың түгелі алқа билердің қазылығынан бас тартты. Атышулы істі енді аймақтағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьялары қарайтын болады. Басты сот талқылауы қыркүйектің он үшінде басталады.
Тағы да оқыңыз:
Алматыдағы зообақтың бар қарызын жауып берген кәсіпкер өзін сынағандарға жауап берді
Шымкентте мас жүргізуші 10 жасар қызды қағып кетті
Қайғылы жағдай: Көкшетауда өрттен шошыған келіншектің тілі байланып қалды