Қостанайдағы бейімдеу орталығында қарияны соққыға жыққан екі қызметкер жұмыстан босатылды
Видеодан скрин
Қостанайдағы уақытша бейімдеу орталығының қызметкері 61 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққан екі қызметкер жұмыстан босатылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай облыстық психикалық денсаулық орталығы 61 жастағы ер адамды соққыға жығып, бүйрегінен айырған қызметкерлерге қандай шара қолданылғанын хабарлады.
Орталық мәліметінше, видеодағы қызметкерлермен еңбек шарты бұзылған. Бейімдеу орталығының басшылығы да жауапкершілікке тартылыпты.
"Бөлім меңгерушісі мен аға медбике тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазір бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Психикалық денсаулық орталығы болған оқиғаға өкініш білдіреді, науқастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызметкерлер арасында кәсіби этика нормаларын сақтау үшін барлық шаралар қабылдануда", – деді облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының міндетін атқарушы Зарина Павлова.
Видеодағы қызметкерлер орталыққа жақында ғана жұмысқа орналасқан екен. Олар қарияның арнайы мекемеде болу тәртібін бұзғанын айтып, ақталған.
"Науқас орталыққа жеткізіліп, 4 сағаттан кейін шығарылған. Ол өз аяғымен кеткен, ал кейінірек оның медициналық көмекке жүгінгені белгілі болды. Оқиға туралы біз құқық қорғау органдарының сұрауымен видео жазбаларды қарағаннан кейін ғана білдік", – делінген психикалық денсаулық орталығының хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанайдағы уақытша бейімдеу орталығының қызметкерлері 61 жастағы ер адамды аяусыз соққыға жыққаны туралы жазған едік. Соққылардан ер адамның оң бүйрегі жыртылып, бүйрегін алып тастауға тура келген.

Алматыда қала күнін тойлауға миллиондаған қаражат жұмсалған: Тұрғындар қаладағы шешілмеген мәселелерге шағымданды
