Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда жылдар бойы алимент төлемей келген ер адам ұлының тірі екенін сотта білген

Алиментке қатысты өткен сот отырысында ер адам баласының тірі екенін білмегенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stylefeminine.com

Қостанай облысында мүгедектігі бар ұлына ұзақ уақыт бойы алимент төлемей келген ер адамның ісі бойынша сот отырысы өтті. Сот оны кінәлі деп тауып, тиісті шешім шығарды.

Облыс тұрғыны өзіне қатысты атқару өндірісін бастаған жеке сот орындаушысының шешімін бұзбақ болған. Бірінші сатыдағы сот оның өтінішін қанағаттандырмады. Содан кейін ол апелляциялық шағым түсірді. Облыстық сот бұл істі азаматтың арызы бойынша қарады.

2008 жылы сот ер адамнан 2007 жылы туған, ауыр науқасқа шалдыққан, тұрақты көмекке мұқтаж ұлын асырау үшін алимент өндіру туралы шешім шығарған. Алайда осы жылдар бойы баланың әкесі өз міндеттерін орындамай, төлемдерден жалтарған.



Екі баланың анасы кіші мүгедектігі бар ұлына үнемі қамқорлық қажет болғандықтан жұмысқа шыға алмаған. Оның емделуіне отбасы қаражат жинаған. Әкесі мүгедектігі бар ұлына қаржылай көмектесудің орнына, қарызы бола тұра шетелге кеткен. Алайда 2024 жылы Қазақстанға туған-туыстарына қонаққа келген ол қарызына байланысты елден шыға алмай қалған.

Ер адам сотта балаға неге ақша бермегенін түсіндіріп, оны өлді деп ойлағанын айтты. Сот бұл мәлімдемені назарға алды.

Нәтижесінде сот Ресейде тұрақты тіркеусіз және тұрақты жұмыс орны жоқ азаматтың арызын қанағаттандырудан бас тартты. Іс апелляциялық тәртіпте қаралып, бастапқы шешім өзгеріссіз қалды.

Ер адам Қостанай облысында жұмысқа орналасып, енді жалақысынан алимент міндетті түрде ұсталып отырады.

Айта кетейік, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында студент алимент өндіру үшін әкесін сотқа бергені туралы жазған едік.

Талқылау