Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда Ресей флотының күніне арнап шара ұйымдастырғандарға айыппұл салынды

Видеодан скрин

Қостанайда Ресей әскери-теңіз флоты күніне арнап мерекелік шара ұйымдастарған адамға айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

27 шілдеде Қостанайда қала басшылығының келісімінсіз бір топ адам Ресей әскери-теңіз күштерінің күнін атап өткен.

Әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан әскери киім киіп, сап түзеу рәсімін жасап жатқан адамдарды көруге болады. Әкімдік видеодағы азаматтардың кеңестік кезеңде флотта қызмет еткен ардагерлер екенін мәлімдеді.

"Бұл іс-шара қала әкімдігімен алдын ала келісілмей және белгіленген тәртіп бойынша хабарлама берілмей ұйымдастырылған. Осыған байланысты шараны ұйымдастырушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды", – делінген әкімдік хабарламасында.

Ұйымдастырушы спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Шараны ұйымдастырушы жеке тұлға болғандықтан, оған 20 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Ал Қостанай облысының прокуратурасы бұл факті бойынша есеп және ақпарат кітабына рапорт тіркелгенін хабарлады.

"Рұқсат етілмеген жиналыс немесе мерекелеу белгілері байқалады. Рапорт тіркелгеннен кейін полиция басқармасына жолданды. Соңғы құқықтық бағаны полиция береді", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Қостанайда Ресей әскери-теңіз күштері күні атап өтілгені желі қолданушыларының ашуын туғызғаны туралы жазған едік.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 29 Шілде, 2025 19:05
Талқылау
`