Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық полицей есірткі таратқаны үшін 15 жылға сотталды

Қостанай облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының экс-орынбасары өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде есірткі таратқаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Pixabay.com

Полицей Қылмыстық кодекстің 412-1-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы “Көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту”, 297-баптың 3-бөлігінің 2, 3, 4-тармақтары “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу” және  362-баптың 4-бөлігінің 3-тармағы “Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану” бойынша сотқа тартылды. 

“Қостанай қаласы полиция бөлімі есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының экс-орынбасары қызметкерлермен бірлесе отырып, денсаулығына зиян келтіру және қорқыту арқылы бір азаматты кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында екінші азаматты аса ауыр қылмыс жасауға итермеледі.

Ол қызметтік көлікте бола отырып, аса ірі көлемде психотроптық заттар мен олардың аналогтарын заңсыз, бірнеше рет өткізген”, – деп мәлімдеді Жоғарғы соттың баспасөз қызметі.

Айыпталушының автокөлігінен аса ірі көлемде гашиш пен меткатинон (психотроптық заттың аналогы) тәркіленді.

Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Қорғаушылары оның әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрады.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың айғақтарымен, тергеу әрекеттерінің хаттамалары мен бейнематериалдарымен, сот сараптамасының қорытындыcымен және басқа да іс материалдарымен толық дәлелденді. Асырауында кәмелетке толмаған балалардың болуы жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар деп танылды.

Айыпталушының жеке басын, іс-әрекетінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайын ескере отырып,  оған 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Ол "полиция капитаны" арнайы атағынан айырылды және енді мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында полицей ер адамды есірткі тұтынуға көндіріп, кейін оны қамауға алған еді. 

Талқылау