Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайда есірткі таратқан студент 11 жылға бас бостандығынан айырылды 

Қостанайда спорт факультетінде оқитын студент есірткі таратқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: polisia.kz

Бұған дейін полиция облыс орталығының түкпір-түкпірінде есірткі таратумен айналысқан екі адамды ұстаған еді. Олардың бірі дене шынықтыру факультетінің 4-курсында оқыған. Күдіктілердің жалдамалы пәтерін тінту кезінде қызметкерлер 4 келіден астам синтетикалық есірткі – "а-PVP" тәркіледі.  

Сонымен қатар электронды таразылар, 240 мини-магниттер, электр таспасы, фольга және есірткіні орауға арналған басқа да құрылғылар табылды. Қара нарықта алынған партияның құны шамамен 100 млн теңге болды.  

Полицейлер айналымға 15 мыңнан астам дозаның жіберілуіне жол бермеді. 

"Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде таратқаны үшін сот үкімімен екеуіне де 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді", – делінген ішкі істер министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, жыл басынан бері Қостанай облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері заңсыз айналымнан 63 келі түрлі есірткі заттарын тәркілеген.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық полицей есірткі таратқаны үшін 15 жылға сотталғанын жазған едік. Қостанай облысында есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімі бастығының экс-орынбасары өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, аса ірі мөлшерде есірткі таратқаны үшін сотталды. Айыпталушының автокөлігінен аса ірі көлемде гашиш пен меткатинон (психотроптық заттың аналогы) тәркіленді.

Талқылау