Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел сәтсіз липосакциядан кейін ішегінен айырылды: Оған операцияны клиникадағы стажер жасаған

Қостанай тұрғыны липосакция отасынан кейін жансақтау бөліміне түсті
Фото: pixabay.com

Қостанай тұрғыны липосакция отасынан кейін жансақтау бөліміне түсті. Әйелге құрсақ қуысының қабынуы диагнозы қойылған. Нәтижесінде дәрігерлер науқастың ішектерін алып тастауға мәжбүр болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.

33 жастағы Асель есімді қала тұрғыны KES Clinic жекеменшік медициналық орталығына көпшілік мақтаған пікірлер мен жақын құрбысының кеңесіне сеніп барған. Ол ажырасудан кейін өз дене бітімін ретке келтіргісі келген. Алайда шеңберлі липосакция (круговая липосакция) сәтсіз өтіп, оның ішегі зақымданған.

Операциядан кейін үш күн өткен соң, Асельдің жағдайы күрт нашарлап, жедел жәрдем оны ауруханаға жеткізген. Костанай қалалық ауруханасында оған қатарынан үш шұғыл операция жасалды.

Дәрігерлер қойған диагнозы жан түршіктіреді:

  1. ішектің тесуінен (перфорация) туындаған қанның улануы (сепсис),
  2. мықын ішектің зақымдануы,
  3. жедел іріңді-фиброзды перитониттің терминалдық сатысы,
  4. пневмония,
  5. ауыр деңгейдегі созылмалы анемия,
  6. және көп ағзаның жеткіліксіздігі (полиорганная недостаточность).

Бұл жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырып жатыр. Асельдің туыстары медициналық орталық пен ондағы қызметкерлердің әрекетіне қатысты жауапкершілік талап етуде.

33 жастағы Қостанай тұрғыны 7 шілде күні жедел жәрдеммен жеткізіліп, содан бері жансақтау бөлімінде жатыр. 

“Ота кезінде анықталғандықтан илеостомия жасалды.  Бірақ стоманы жабу үшін тағы бірнеше операциясы жасалуы қажет”, – деді Қостанай қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Қуат Алмағамбетов.

Науқас қазір өздігінен тыныс алуда, бірақ әлі сөйлей алмайды. Оның жағдайы тұрақты, бірақ ауыр. Хирург, медицина ғылымдарының кандидаты Максим Михайлченко қазір мұндай жағдайлар жиі кездесетінін алға тартты.

“Ота кезінде ішкі ағзалардың зақымдануы ятрогендік жарақат деп аталады. Бұл хирургтардың тәжірибесінде болады. Бұл көптеген факторларға, бұрын жасалған оталарға, құрсақ қуысындағы адгезия процесіне, хирургтың біліктілігіне байланысты. Қазір ақша үшін хирургтер демалыс күндері де жұмыс істейді. Тез жасап бітірсе болды”, - дейді Максим Михайлченко.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 22:54
Талқылау