Қостанай облысында тойға барған қонақтар жаппай тамақтан уланып, 85 адам ауруханаға түсті
Фото: freepik.com
Қостанай облысының Арқалық қаласында тойға барған қонақтар жаппай тамақтан уланып, 85 адам ауруханаға түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, мейрамхана жабылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, Арқалықта мейрамханадағы мерейтойдан кейін тамақтан уланудың белгілерімен 85 адам ауруханаға жатқызылған, олардың үшеуі емделуден бас тартқан. Зардап шеккендер арасында жеті бала бар.
“Санитарлық авиация арқылы инфекционист дәрігерлерден, штаттан тыс мамандардан, терапевттер мен педиатрлардан құралған мамандар тобы жіберілді. Ауруханаларда орын жеткілікті. Жангелдин ауданында 27 науқас, Арқалықта – 52, облыстық ауруханада – 6 адам бар. Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, өмірлеріне қауіп жоқ”, – деді Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдана Бүркітбаева.
Қостанай облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мейрамханда тексеру жүргізіп, микробиологиялық және бактериологиялық талдау үшін тағам мен судан үлгілер алынған.
“Мейрамхананың қызметкерлері тексерілді. Талдау нәтижелері әлі дайын емес. Белгілі болғандай, кафе күнделікті қызмет көрсетпеген, тек банкеттік шараларға қызмет еткен. Қылмыстық кодекстің “санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормаларды бұзу” бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қостанай облысының бас мемлекеттік дәрігері мейрамхана қызметін тоқтату туралы бұйрық шығарды”, – деді департамент басшысының орынбасары Гүлім Досымова.

Жинағыңызды алтынмен сақтау тиімді ме – Сарапшылар бағалы металдың грамы 100 мың теңгеге жететінін болжады
