Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кек алу үшін полицейді жауыздықпен өлтірген қазақстандық өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Полицейді кек алу мақсатында өлтірген Қостанай облысының тұрғыны өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ng.kz

Сотталушы Виктор Сербокрыл осы жылдың мамыр айында телефон ұрлағаны үшін түрмеге қамалып, кейіннен шартты түрде босатылған.Түрмеде жатқанда өзін қамағандардан кек алуды ойластырған. Тізіміне полиция қызметкерінің, тергеуші мен куәгердің аты-жөнін жазған. Сосын: "сені өлтіремін", "бауыздаймын" деп жазған.

Сот мәліметінше, ер адам қамаудан шыққан соң тіке тергеушінің үйіне тартқан. Алайда ол үйінде болмаған. Сосын сотталушы полицей Құмар Шойтасовтың үйіне келген. Ол терезеден ішке кіріп, шкафтың артына жасырынған. Полицей үйіне келгенде, оған шабуыл жасап, беліне пышақ сұққан.

Шойтасов аулаға жүгіріп шыққанымен, оны қуып жетіп, тағы бірнеше рет пышақтаған. 

Полицей оқиға орнында мерт болды. Одан кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында оның денесін үйдің ауласына жасырып, полицей мен оның үйіндегілерге тиесілі заттар мен азық-түліктерді ұрлап, қашып кеткен. Кейіннен қылмыскер өзіне қарсы куәлік берген әйелді қорқытқан. Дегенмен әйел полиция шақырған.

Сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 2 және 5-тармақтарында көзделген ”Қасақана адам өлтіру, қызметтiк әрекеттердi орындаған, кәсiптiк немесе қоғамдық борышын адамды ерекше қатыгездiкпен өлтіру” және 188-бабының 1-бөлігі “Ұрлық” бойынша іс қозғалды.

Сотта қылмыскер кісі өлтіргенін мойындады, бірақ оны қасақана жасағанын жоққа шығарды. Ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын "Қара бүркіт" колониясында өтейді.

“Сот анықталған мән-жайларды, жасалған қылмыстың ауырлығы мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ кінәлінің жеке басын ескере отырып, сотталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын төтенше қауіпсіздік жүйесінің мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ сот жәбірленуші тараптың  5 миллион теңге азаматтық талап арызын қанағаттандырды", – делінген хабарламада.

Талқылау