Қостанай облысында белгісіз біреу үйдің ауласына күшікті тірідей көміп тастаған
Фото: instagram.com/actresserikova
Қостанай облысында көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан тірідей көмілген күшік табылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Күшіктің суреті әлеуметтік желіде тарады.
Оқиға Лисаковск қаласына жақын орналасқан Октябрьское ауылында болған. Жергілікті тұрғындар балконның астынан тірідей көмілген күшікті тауып алған. Суреттен күшіктің құлағында сырғасы бар анық көрінеді, бұл күшіктің вакцина салдырғанын және арнайы реестрге тіркелгенін білдіреді.
Жергілікті ерікті Ольга Соловьеваның айтуынша, ауылдағы бағдарлама сәтті жүзеге асқан. Алайда, иттерді қайта әкеліп, босатқан кезде, ауылдың бір тұрғыны наразылық білдірген.
"Ол иттер оның бақшасын таптап кетеді деп шағымданған. Әкімдікке де барған. Кейінірек сол әйелдің тұратын үйдің балконының астынан күшік табылды. Бұл кездейсоқтық емес секілді", – дейді Соловьева.
Семейде итті ағашқа асып азаптаған адам зейнеткер әйел болып шықты
Куәгерлердің айтуынша, жануарды жер астынан шығарып алған. Күшік қашып кеткенімен, шоктан көру қабілетінен айырылған болуы мүмкін. Қазір күшікті еріктілер іздестіріп жатыр.
Қостанай облысының полиция департаменті ресми шағым әлі түспегенін хабарлады. Дегенмен тараған ақпарат бойынша тексеріс басталған.
"Қызметкерлер оқиғаға қатысы бар тұлғаның жеке басын анықтау үшін куәгерлерді іздестіруде. Әлі анықталмаған адамның іс-әрекетінде “Жануарларға қатыгездік жасау” бабына сәйкес құқық бұзушылық белгілері бар", – делінген хабарламада.
Егер бұл әрекетті балалар жасағаны анықталса, жауапкершілікке олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері тартылады.
Еске салсақ, бұған дейін Шымкенттегі хайуанаттар бағында ер адам қоршауға шығып, түйеқұсты тепкені туралы жазған едік.