Қостанай облысында әскери комиссар жігітті әскерге заңсыз жібергені үшін жауапқа тартылды
Фото: pixabay.com
Қостанай облысында Лисаков қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы жігітті медициналық комиссиядан өткізбей, мерзімді әскери қызметке заңсыз жіберген үшін жауапқа тартылды. Оған 70 мың теңгеге жуық айыппұл салынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қостанай қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында Лисаков қаласының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығына қатысты іс қаралды.
Сот қаулысына сәйкес, 2025 жылғы 26 сәуірде әскери комиссар әскери қызметке шақыру тәртібін бұзып, жас жігітті қалалық медициналық комиссиядан өткізбей, мерзімді әскери қызметке заңсыз жіберген.
Кейін ол ұсталып, облыстық жинақтау пунктіне жеткізілген. Келесі күні медициналық тексеруден өтіп, әскери қызметке жарамды деп танылған. Алайда Лисаков қаласы деңгейінде міндетті медициналық комиссия мүлде өткізілмеген.
“Сот қорғаныс бөлімінің бастығының әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 651-бабы "Азаматтарды мерзімді әскери қызметке заңсыз шақыру" бойынша саралады. Істің мән-жайын, жеңілдететін және ауырлататын жағдайлардың жоқтығын ескере отырып, судья оған 66 844 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды”, – делінген хабарламада.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
