Қостанай облысында шегірткелердің жаппай қаптауы жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп тұр
видеодан скрин
Қостанай облысындағы Торғай – Шилі – Милысай тасжолының бір бөлігін шегіртке басып қалған. Желіде тұрғындар шегіртке басқан аумақтан видеолар жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бейнежазба авторы шегірткелер тасжолдағы көлік қозғалысына қауіп төндіретінін айтқан.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қостанай облыстық аумақтық инспекциясы өкілдері жол бойында аэрозольді газ генераторлары мен аса жеңіл ұшақтарды қолданып химиялық өңдеулер жүргізілгенін мәлімдеді.
"Ауа райының қолайсыздығына байланысты шегірткелердің көбеюі әркелкі жүріп жатыр. Үйірлі көкқасқа шегірткелер іргелес аумақтағы жылылау ашық жерлерге (алаңдар, жолдар) жиналады", – делінген түсініктемеде.
Сондай-ақ аумақтық инспекция өкілдері тасжол маңында егістік алқаптары жоқ екенін атап өтті.
"Жангелдин ауданында 124,8 мың гектар жер зерттелді, оның ішінде өңдеуге жататын аумақ – 86,8 мың гектар, оның 78,8 мың гектары өңделді. Зерттеуге 69 адам жұмылдырылып, 15 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Күзет шараларын үйлестіру үшін аудан әкімінің орынбасары төрағалық ететін жедел штаб құрылды", – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Дегенмен мамандар ауа райының қолайсыздығы (қатты жел, жауын-шашын) жоспарлы жұмыстарды кешеуілдетіп жатқанын, бұл өсімдіктерді қорғау құралдарының қауіпсіздігі мен тиімділігіне және қорғаныс шаралары бойынша регламенттелген талаптарды сақтауға мүмкіндік бермей отырғанын атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Қызылорда облысы аумағын шегіртке басқанын жазған едік.