Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай кәсіпкерлері әлеуметтік маңызы бар тауарларға қойылатын үстеме бағаны қайта қарауды сұрап отыр

Азық-түлікФото: Freepik.com

Қостанай облысының кәсіпкерлері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына енгізілген жаңа сауда үстемесі талаптары бизнеске ауыр тиіп жатқанын айтып, ережелерді қайта қарауды сұрады. Олар қазіргі шектеулер сақталса, дүкен сөрелері босап, кей өнімдер бойынша тапшылық туындауы мүмкін деп санайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңа жылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізімі 19 атаудан 33-ке дейін кеңейді. Бұрынғы қарақұмық, картоп, сүт секілді негізгі өнімдерге енді қызанақ, балық және шай да қосылған. Алайда бұл тауарларға қойылатын сауда үстемесі сатып алу бағасының 15% аспауға тиіс деген талап кәсіпкерлерді тиімсіз жағдайға қалдырған. Егер өнім бірнеше жеткізушіден алынса, үстеме ең төменгі сатып алу бағасына қарай есептеледі.

Салалық кеңес өкілдерінің айтуынша, бұл талап арзан және қымбат тауарларға бірдей қолданылып отыр.

“Арзан шай 300 теңге тұрса, қымбаты 3500 теңге болады. Қайта есептегенде үстеме небәрі 0,1% шамасында шығады. Бұл бизнеске экономикалық тұрғыдан тиімсіз, нәтижесінде ассортимент азаюы мүмкін”, – дейді Қостанай облысы кәсіпкерлер палатасының сауда мәселелері жөніндегі салалық кеңесінің төрайымы Наталья Лапшина.

Кәсіпкерлер көлік шығындары, кедендік төлемдер, сақтау мен тасымалдау кезіндегі шығындар сауда үстемесіне енгізілмейтінін алға тартты. Салдарынан шалғай аудандарға өнім жеткізу кей жағдайда табыс әкелмейді, тіпті зиянға жұмыс істеуге мәжбүрлейді.

Супермаркет өкілдері логистиканың қымбаттауы негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті.

“Егер Алматыдан фурамен жеткізсек, арзанырақ болады, логистикада шамамен 40-50 теңге шығын кетеді. Ал қиярды “Газельмен” – 2,5-3 тонна көлемінде тасысақ, әр келіге қосымша 100-150 теңгеге дейін қосылады. Пайыздық тұрғыдан баға қатты өсіп кетеді, мұндай жағдайда көтерме саудадағы логистиканы қалай реттеуге болады?” –  дейді MISTER APELSIN супермаркетінің директоры Бәкір Бекіров.

Ал өңірлік Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті логистика шығындарына қатысты ұсыныстар жоғары тұрған органдарға жолданғанын мәлімдеді. Сонымен қатар салада әділетсіз делдалдық тізбектер де анықталып жатқан көрінеді.

Сатып алу процесіне қатысқан өнімсіз делдалдардың қатысуы талданып жатыр. Олар саудада, логистикада, сақтау немесе клиенттерді іздеуде қосымша құн жасамайды. Бұл өнімсіз тізбектерді тиімді анықтауға мүмкіндік береді”, –дейді Қостанай облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Мырзахан Ерканов.

Кәсіпкерлер мемлекеттік реттеуді толық алып тастауды талап етпейді. Олар тек нақты шығындарды ескеретін икемді тәсіл қажет екенін айтады. Барлық ұсыныс Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасында тіркеліп, уәкілетті органдарға жолданбақ.

Бизнес өкілдері жаңа ережелер қайта қаралып, нарықтағы тепе-теңдік сақталады деп үміттенеді. Әйтпесе, бағаны тежеуге бағытталған шаралар керісінше тауар тапшылығына әкеп соғуы мүмкін.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 25 Ақпан, 2026 23:45