Көшеде "Сағатың қанша?!" деп айқайлайды: Сабина Мовлаева атышулы видеоға қатысты шындықты айтты
Танымал блогер, актриса Сабина Мовлаева атышулы видеоға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
Айта кетейік, желі жұлдызын көпшілік порнофильмге қатысы бар деп айыптаған еді. Ол “TalkLike” бағдарламасына сұхбат беріп, шындықты айтты.
“Барлық шу “Taboo” подкастына барғаннан кейін басталды. Сол сұхбаттан кейін екі күннен соң таңғы 6-да бейтаныс адамнан видео келді. “Мына қыз маған ұқсайды екен” деп мән бермедім. Одан кейін бір қыз жіберді. Оны да танымаймын. Сосын таныстар жібере бастады. “Сен туралы жаман видео таралып жатыр” деп ескертті. Сол кезде-ақ мұнымен күресу керегін түсіндім. Әлі де жіберетіндер бар. Жеке парақшамда 500-ге жуық ашылмаған хат жатыр. Бәрі порновидеоны жіберген. TiKTok-та 82 миллион қаралым жинапты. Наурызбай ауданының полиция бөлімшесіне арыз жаздым. Мықты адвокат жалдап, қылмыстық іс қозғаттым. Құзырлы органдар араласып жатыр. Экспертиза жасаттым. Ол жақта да тек әйел адамдардың сараптама жасағанын талап еттім. Түгел шешіндіріп, денем мен бас сүйектерімді тексерді. Видеодағы қыздың құлақтарына дейін салыстырды. Қорытынды қағазы шығып, ол қыздың мен емес екені дәлелденді. Бірақ іс мұнымен бітпейді, маған жала жапқандар заң алдында жауап береді”, – деді Сабина.
Сондай-ақ осы оқиға блогердің денсаулығына да әсер еткен көрінеді. Медициналық тексерістен өтіп, психологтың қабылдауына жазылған.
“Ең ауыр тиген екі адамның сөзі болды. Бір құрбым, “Видеодағы сен болсаң да, онда тұрған ештеңе жоқ. Қазір қыздардың бәрі сондай тірлікпен айналысады” деп “жұбатты”. Сөздері қатты әсер етті. Егер ол видеодағы қыз мен болсам, үндемей сөзімен келісер едім. Мен емеспін деп айқайлап, жан даусым шығып тұрса да, маған сондай ақыл айтты. Одан кейін 65 жастағы апаймен бір жарнамалық роликке түсетін болдық. Бәрін дайындап қойсақ, қызы хабарласып, “Анамыз сізбен түспейді, өйткені біздің отбасылық беделімізге нұқсан келтіресіз. Сіздің видеоңызды көрдік” деді. Қатты қорланып, жылап қалдым. Тіпті денсаулығым сыр беріп, медицина қызметкерлерінің көмегіне жүгіндім. Көшеде көлікте отырсам, “сағатың қанша?!” деп сұрайды. Жеке өміріме де теріс әсер етуі мүмкін. Ажырассам да, екінші рет отбасын құрып, бақытты әйел болғым келеді. Болашақ күйеуім осы жағдайды қалай қабылдайды? Еркектер бір-бірінің айтқан сөзімен жүреді емес пе?! Біреуі болашақ жарыма мен туралы жағымсыз пікір айтуы мүмкін. Осы дүниелерден қорқамын. Сол үшін істі аяғына дейін жеткіземін. Видеодағы қыздың мен емес екенін дәлелдеймін”, – деді желі жұлдызы.
Еске салайық, Алматы қаласының полиция департаменті блогердің ар-намысына тиген адамдардың ұсталмауына қатысты пікір білдірген еді.