Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қошанов: "Қара қар" мәселесі келесі жылыту маусымына дейін шешілуі керек

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен бір топ депутат Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындарымен кездесті.

Суретті түсірген - Ж.Жұмабеков

Сапар аясында Ерлан Қошанов Сәтбаев қаласындағы №1 жылу стансасының жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен және қала жұртшылығымен кездесіп, олармен экология және "қара қар" мәселелерін талқылады.

Мәжіліс спикері атап өткендей, Сәтбаевтағы экологиялық мәселелердің басты себебі – көмір сапасы мен жылу электр станциясындағы фильтрлердің нашар жұмыс істеуі. Сондай-ақ, ол мемлекет басшысының бұл жағдайдан хабардар екенін және қаланың экологиясын ластаудың жүйелі себептерін жою үшін кешенді тексеру жүргізуді тапсырғанын атап өтті. Ерлан Қошанов облыс әкімдігі мен "Қазақмыс" компаниясының өкілдеріне жағдайды жақсарту және экологиялық проблемаларды, соның ішінде Сәтбаевтағы жылу электр станциясын газға көшіру бойынша кешенді шараларды шұғыл түрде қабылдау туралы талап қойды.

Суретті түсірген - Ж.Жұмабеков

“Ескі фильтрлер сапасыз көмірден шыққан күл қалдықтарын ұстап тұруға шамасы жетпей отыр. Бұл қала экологиясына және тұрғындардың денсаулығына кері әсер етуде. Мұндай мәселені қысқа мерзімде шешу мүмкін емес екені түсінікті. Бірақ қазір барлық себепті толық анықтап, келесі жылыту маусымына дейін нақты шаралар қабылдауымыз қажет. Кәсіпорын басшылығы, Энергетика министрлігі және әкімдік бұл мәселені бірлесіп, уақыт создырмай шешуге тиіс. "Қара қар" сияқты келеңсіз құбылыстардан түбегейлі арылуға бар күшімізді салуымыз қажет. Өз кезегінде, Мәжіліс депутаттары жағдайды бақылауда ұстайтын болады”, – деді мәжіліс төрағасы. 

Суретті түсірген - Ж.Жұмабеков

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімдігі мен "Қазақмыс" компаниясының басшылығы келесі жылыту маусымына дейін Сәтбаев жылу станциясының тазарту жүйелерін жаңғырту бойынша барлық жоспарланған жұмыстарды аяқтауға міндеттеме алды. Іс-шараға қатысқан Энергетика министрлігінің өкілдері Ұлытау облысында жылу электр станциясын жаңғыртуда "инвестиция орнына тариф" тәсілі арқылы қолдау көрсетуге дайын екенін хабарлады.

Сондай-ақ Мәжіліс спикері халықты жылумен үздіксіз қамтамасыз ету соңғы жылдардағы ең маңызды мәселенің бірі екеніне назар аударды. Инженерлік инфрақұрылымның жағдайы Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Елдегі тозығы жеткен қазандықтарды, инженерлік-коммуналдық желілерді жаппай жаңғырту жұмыстары еш пафоссыз және көзбояушылықсыз жүріп жатыр. Ол туралы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында айтты.

Суретті түсірген - Ж.Жұмабеков

Мәжіліс депутаттары Жезқазған қаласындағы гидроцехтағы жұмыс барысымен де танысты. Ерлан Қошанов атап өткендей, Жезқазғанды  ауыз сумен қамтамасыз ету әлі күнге дейін ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. 2021 жылы Мемлекет басшысы бұл түйткілді шешуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытқа дейін бірқатар шаруа атқарылғанымен, әлі де көптеген мәселе бар.

“Жезқазған тұрғындары сапалы  ауыз суға мүмкіндігінше тезірек қол жеткізуі керек. Ол халықтың денсаулығы мен өңірдегі ахуалға тікелей әсер етеді. Бұл – барлық тараптардың, министрліктер мен әкімдіктің ортақ міндеті. Өз кезегінде депутаттар да осы жұмысқа белсене атсалысуға дайын”, – деді Ерлан Қошанов. 

Суретті түсірген - Ж.Жұмабеков

Палата спикері Жезқазғанды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін жер асты су көздерін пайдалану арқылы екі су құбыры – Есқұла және Үйтас-Айдос су жүйелері есебінен шешу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бүгінгі таңда қажетті жобалық құжаттардың бәрі әзірленіп, нақты жұмыс көлемі белгіленген, бастапқы қаржы бөлінген. Кездесу барысында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен облыс басшылығы өкілдерінің қатысуымен барлық мәселе жан-жақты талқыланды. Кездесу қорытындысы бойынша Мәжіліс төрағасы 2025 жылы барлық мәселені шешуге және Жезқазғанды ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдар жасалуға тиіс екенін ерекше атап өтті.

Сапар барысында депутаттар Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының жұмысымен танысып, Жезқазғанда салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде облыс белсенділерімен, сондай-ақ Жезқазған жұртшылығымен кездесті. 

Талқылау