Қорылдаудан қалай арылуға болады?
Әрбір 30 жастан асқан бесінші адам қорылдайды. Көбіне ол ер адамдарға қатысты.
Дәстүрлі түрде қорылдың басты себебі ретінде жұтқыншақ өтгізгіштік қабілетінің бұзылуы қаралады. Шындығында мұндай қиындық жүрекке байланысты қиындықтар, созылмалы қабыну процесі, құрылыстың генетикалық бұзылуы, мұрын жолының тарлығы, түрлі жарақаттар салдарынан сүйектердің дұрыс бітпеуі, дұрыс тамақтанбау мен қан айналымының бұзылуына байланысты болуы мүмкін. Бұл ретте қорылды емдеудің 6 түрлі негізгі әдісін ұсынамыз.
Клипстер мен қысқыштар
Мұрынға арналған құрал – бұл мұрын далдасына қысып қойылатын кішігірім клипс. Ол мұрын қуысының нерв ұштарын басып тұрады. Нәтижесінде қорыл тыйылады.
Қысқыш астыңғы жақ сүйектің алға жылжуын қамтасамыз етіп, ауыз сыртына да, ішіне де қондырыла алады. Ол тыныс алу жолдарындағы бұлшық еттер тонусын сақтап, ауа өткен кезде тіндерде пайда болатын дірілді тоқтатады.
Дене фиксаторы
Қорылмен күресте қолдануға болатын тағы бір құрал – дене фиксаторы. Ол адам ұйықтап жатқан кезде бір қырынан жатуға әсер етіп, денесін ұстап тұрады. Көбіне адамдардың арқасына жатып ұйықтағанда қорылдайтыны дәлелденген. Алайда мұндай құралды қолданып көргендердің басым көпшілігі төсеменің ыңғайсыз екенін айтады. Сондықтан ол жиі қолданысқа ие бола бермейді.
Қорылға қарсы ерітінді
Бұл жұтқыншаққа түскенде жұмсақ таңдай бұлшық еттерінің қысымын арттырып, мұрын қуысы мен тамақ шырышты қабығын ылғалдандырып, жұмсартатын мұрынға арналған ерітінді. Нәтижесінде ауа қозғалысы жолындағы кедергілер жойылып, адам қорылдауын қояды. Фармакологиялық құралдардың тек қолданған уақытта ғана әсер етіп, аурудың негізгі себебіне ықпалы болмайытынын білгеніңіз жөн. Оларды тұрақты түрде қолданудың қажеті жоқ, себебі аурудың асқынуына алып келуі мүмкін.
Заманауи хирургия
Бүгінде қорылмен хирургиялық әдістермен де күреседі. Жұмсақ тіндер пластикасы түрлі әдістер арқылы орындалады: дәстүрлі немесе лазердің көмегімен. Мұндай әдіс жұтқыншақ бұлшық еті тонусын қайтаруға мүмкіндік беріп, салдарынан жұмсақ таңдай болбырлығы азайып, тыныс алу барысында жаңғырық тудыруын қояды.
Гимнастика
Күнделікті 2 рет жасағаныңыз жеткілікті болатын аздаған жаттығулар кешені жағдайда айтарлықтай жақсартуға көмектеседі. Мысалы, ұсынылған келесі жаттығу ауыз және мұрын қуысы бұлшық еттерін жаттықтырады. Ол үшін иектің астыңғы жағына қолыңызды тіреп тұрып, аузыңызды ашуға тырысыңыз. Жаттығуды кемінде 30 рет қайталаңыз.
Жаттығуға арналған құрал ретінде кәдімгі қарындашты қолдануыңызға болады. Оны тісіңізбен қысып, осындай күйді 3-4 минут сақтаңыз.
Ас мәзірін өзгерту
Кейбір тағамдар қиындықпен күресуге көмектеседі. Мысалы, Е дәруменіне бай орамжапырақ шырышты қабық құрылысын қалпына келтіріп, жақсартуға себін тигізеді. Ол үшін орамжапырақ сөлін ішуге болады.
Қорылмен күресуде эвкалипт те пайдалы. Ол үшін бірнеше жапырағын қайнатып, аздап суытып, жылы буымен тыныстауыңызға болады. Мұндай әдіс қан айналымын жақсартып, жұтқыншақ қабынуының алдын алады.
Отоларинголог мамандар қорылдың «өздігінен басылатынына», оның қауіпсіздігінен үміттенудің қажеті жоғын айтады. Ол асқынғанда түнде дем тоқтауы, оттегі жетіспеушілігі, жүрек және қан тамырларға байланысты қиындықтар және басқа да қиындықтарға алып келуі мүмкін. Қорылды емдеудің барлық әдісі тыныс жолдарының өткізгіштік қабілетін жақсартуға бағытталған. Дәрігерлер, ең алдымен, қорылдың негізі себебімен күресуге кеңес береді.