Көршілерімізге қанша су қажет болса, сонша береміз – Қырғызстан президенті
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров тек өз елінде ғана емес, көрші елдерде де су тапшылығын еңсеруге бастамалар жасайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Kabar" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото "Kabar" арнасынан
Қырғызстан президенті кейінгі жылдары егін суының тапшылығы көрші мемлекеттерде де сезіліп отырғанын алға тартты. Бұл мәселені шешу мақсатында ол осы жылы аяқталуға тиіс тәуліктік және онкүндік реттеу бассейндерінің (БСР және БДР) құрылысы туралы айтты.
"Бұл бассейндер ең алдымен, төменгі ағыста тұратын көршілеріміз үшін пайдалы. Өйткені суару маусымында дау болып жатады. Егер біз қыста еріген суды осындай бассейндерде жинасақ, көктемнен бастап өзен суы көршілерге толығымен ағып кетеді. Сонда олар бұрынғыдан да көп су алады", - деп атап өтті Садыр Жапаров.
Жапаров сонымен көрші елдерді судан бас тартуға шақырған өз азаматтарының сөзіне жауап берді.
"Біз қыста ағып жатқан суды кейін дау-дамай туындамайтындай етіп пайдалы жағына жұмсауға тырысамыз. Көршілерімізге қанша су қажет болса, сонша береміз. Солай болады", - деп қосты Қырғызстан президенті.
Садыр Жапаров қыс мезгіліне су жинау бастамасы Қырғызстан үшін де, көрші елдер үшін де артық қор ретінде қамтамасыз етуге бағытталғанын қоса кетті. Ол сонымен қатар Қырғызстан Нарын өзенінің суының тек 1%-ын пайдаланады, ал қалған 99%-ы Өзбекстан мен Қазақстанға кететінін айтты.
"Біз тек өзімізді ғана емес, көршілерімізді де ойлаймыз. Біз ағынның бастауында тұрмыз. Су бермейміз деу дұрыс емес. Бәріміз бауырлас халықпыз, мәңгі көршілерміз және көп тұстарда бір-бірімізге тәуелдіміз. Бәрін тізбелемеймін, мұны өздеріңіз жақсы білесіздер", - деп қорытындылады Садыр Жапаров.